Қарағандыда 25 маусымда таңертеңгі сағат 10.40 шамасында Складская көшесінде жеке меншік фирмаға тиесілі инкассатор көлігіне қарулы қақтығыс жасалған. "ВАЗ 2110" автокөлігін мінген екі азамат фирманың "Лада Гранта" көлігіне әдейі қарама қарсы келіп соғылған. Содан кейін олар көліктен жүгіріп шыққан бойда, жеке меншік фирманың күзетшісінен қару кезеніп тұрып, қаражатпен қаруын тартып алған.
Куәгерлердің айтуынша "ВАЗ 2110" көлігі жеке меншік фирманың маңайына бір сағат бұрын келіп, торуылдап тұрған. Фирмадан көлік шыққан бетте оған барып, соғылған. Бүгінде Қарағанды қаласында "Дабыл" жоспары жарияланған, полиция күдіктілерді іздестіруде.
"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192 бабы 2 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша облыстың ішкі істер құрамына бағыттама берілді" – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Жанатай Сембеков.
Арайлым Еркебаева