Қарашада Жамбыл облысында қызылшамен ауырғандар саны өсті

377

Өңірде аурушаңдық көрсеткіші 2124-ке жеткен. Олардың 82 пайыздан астамы балалар. 

Қарашада Жамбыл облысында қызылшамен ауырғандар саны өсті Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевтың айтуынша, сырқаттанғандарға білікті медициналық көмек көрсету үшін қарастырылған 325 төсек орын түгел толып қалған.

Қызылша ауруы облыстың барлық аудандарында анықталып отыр. Эпидахуал Тараз қаласы мен Меркі, Байзақ және Шу аудандарында алаңдатарлық жағдайда.

"Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі, атап айтқанда 85 пайызы вакцинацияланбаған. Олардың 33 пайызы екпе алудан бас тартқандар. Вакцинацияға медициналық кері көрсетілімдері балалар саны –  26 пайыз. Тағы 20 пайызы екпе алу жасына жетпегендер", - дейді Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев.

Жалпы жыл басынан бері өңірде 16905 науқас тіркелген. Оның 389-ы қызылшамен ауырғандардан жұқтырған.

Бүгінгі таңда 451 байланыс тұлғасы анықталды. Оның 42-сі орта мектептерде, 69-ы балабақшаларда. Олардың барлығы ерекше бақылауға алынған.

Эпидемиолог мамандардың берген мәліметіне жүгінсек, 10 айда облыста жоспарлы түрде 39471 балаға қызылшаға қарсы екпе салынған. Ал қосымша жаппай иммундаумен қамтылғандары 6124 адамды құрайды.

"Қазір өңірде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 6019 дозасы бар. Қосымша вакцинация 281 егу пунктінде жүргізіледі. 30 жылжымалы егу бригадасы жұмыс істеп жатыр", - дейді Б.Шыналиев.

Ұлттық екпе жүргізу күнтізбесіне сай, қызылшаға қарсы вакцинация жоспарлы түрде  1 жаста және 6 жастағы балаларға егілуі тиіс. Қызылшаға қарсы тиімді әрі қауіпсіз, қызамыққа және паротитке қарсы компоненттері қосылған  вакцина қолданылады.

Қазір қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау кезеңінде 6 айлықтан бастап, 11 айға толған балалар, 2,3,4 жастағы балаларға вакцина егілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу