Атырау қаласында медициналық қалдықтарды жағатын мекеменің қызметіне байланысты дау туды. Табиғат жанашырларының қолында нақты айғақтар болғанына қарамастан ол жауапкершіліктен құтылып кетіп отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Қала шетіндегі медициналық қалдықтарды жағатын жердегі жағдайдың бейнежазбасын "Атамекен Эко" қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хайруллин бастаған бір топ экологтар мен қоғам белсенділері жария етті. Олар 2021 жылдың 22 желтоқсан күні соққан желдің бағыты бойынша қаланың солтүстік-батыс жағында орналасқан ұйымдарды қарай отырып, күмән тудырған аймақты анықтайды.
Сөйтіп ол бойынша материалдар зерттеу үшін тапсырылған. Ал қаңтар айында қалың қар жауған кезде мекеменің зиянды қалдықтарды көміп тастап, көзін жоюға тырысқаны байқалыпты. Белгілі болғандай, медициналық қалдықтар тек түнгі мезгілде өртеледі.
"Бұл жерде қаладағы инфекциялық, онкологиялық, туберкулез, СПИД-орталық, басқа да ауруханалардан, соның ішінде, короновирус дерті бойынша шығарылған барлық қалдықтар әкелінеді, ампутациялық қалдықтардан бастап, қан-қан болған шприц, түрлі құтыларға дейін шашылып жатыр, оларды қаптаған қара қарға жан-жаққа таратып жатқанына күмән жоқ. Бұларды өртеу үшін үлкен қысымда жұмыс істейтін арнайы муфельді пештер қолданылуы керек еді. Алайда біз оны да, тоңазытқышты да көрмедік. Оның орнына тек шұңқырлар қазып қойған", – дейді "Глобус" орталығының директоры Галина Чернова.
Топ мүшелерінің айтуынша, қалдықтардың арасында иттердің өлекселері де бар. Соның бәрінен ауада улы иіс пайда болған. Сол себепті полигон маңында тыныс алу да мүмкін емес екен. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс жел соққанда қалаға да жетіп, тұрғындардың наразылығын тудырады.
"Атырау облысы бойынша экология департаменті бейнежазбада көрсетілген медициналық қалдықтарды жағумен айналысатын "ID Дизенфекшнс" ЖШС-гін 2021 жылы әкімшілік жауапкершілікке тартты. Материалдар жинақталып, полиция департаментіне жолданды. Соңғы фактілер бойынша тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, нәтижесін қосымша хабарлаймыз", – деп хабарлады облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен.
Өкінішке қарай, былтыр да, биыл да қызметіне байланысты наразылық туындағанына қарамастан, "ID Дизенфекшнс" сыннан қорытынды шығармаған.
Оның үстіне, компания кісі саны 15-тен аспайтын микрокәсіпорын саналғандықтан 2020 жылы жарияланған мораторий желеуімен тиесілі ұйымдар оның жұмысын тексере алмаған.
Құралай Қуатова