Соңғы уақытта картоп бағасы күн тәртібіндегі "күйіп" тұрған жағдайға айналды. Жер-жерде бағасы күрт өсіп, экспорттауға шектеу қойылды.
Бұл ретте аталмыш өнімнің мол көлемін өсіретін Павлодар облысындағы дүкен сөрелерінде де баға өзгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аймақтағы картоп нарығындағы жағдайды реттеу үшін жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Соның барысында кей кәсіпкерлердің тиісті үстемақыдан артық сома қосқаны белгілі болды.
Заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне босату құнынан немесе сатып алу бағасынан 15%-дан артық қосуға болмайды. Ал павлодарлық бірқатар дүкен қызметкерлері бірден 20% қосқан.
Сөйтіп, сауда орындарының бірінде бір келі картоптың бағасы 420 теңгеге жеткен.
"Кәсіпкерлер үстемақыны 16,4%-дан 20%-ға дейін өсірген. Мәселен, дүкендердің бірінде өнімнің келісін 330 теңгеден алып, 390 теңгеге сатқан. Тағы бірде 350 теңгеден алып, 420 теңгеге өткізген. Енді бір кәсіпкер 340 теңгеден алып, өз дүкенінің сөресіне картоптың келісін 395 теңге деп белгілеген", – деп хабарлайды сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері.
Ережені елемеген 8 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі көтерме саудамен айналысады.
Жалпы алғанда, облыс дүкендерінде картоптың келісінің бағасы 104 теңгеден басталып, 150 теңгеге дейін жетеді. Ал тұрақтандыру әлеуметтік желі өнімнің келісін 95 теңгеден жөнелтеді.
Одан бөлек, облыс әкімдігі мен жергілікті 23 шаруашылық өзара меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, көкөніс қоймаларынан өнімнің келісі 100 теңгеден босатылып, 59 дүкенге жеткізіледі.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде шамамен 700 мың тонна картоп жиналды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Павлодар облысы "екінші нанға" баланатын өнімді тұтыну көлемі бойынша үшінші орында тұр. 2023 жылы облыстың әр тұрғыны орта есеппен бір жылда 51,7 келі өнімді тұтынған.