Бұрындары тұрғындар көпшілікке етене таныс Мавроди негізін қалаған "МММ" немесе Понцидің қаржы пирамидасының "қазынасын" байытса, бүгінгі таңда мұндай ұйымдарды бірден анықтап, байқау қиын. Сондықтан олардың "тұзағына" түсіп жатқандар да аз емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде инвестициялық компаниялардың жарнамасы "жер жарып" тұр. Түрлі хабарландыруларда ақша салу арқылы, одан 100%-ға дейін артық табысқа кенелуге болатыны жазылып, адамдарды өздеріне тартып-ақ жатыр. Бірақ мұндай оңай олжалардың ар жағында көп жағдайда қаржы пирамидалары тұрады. Олар кіріс әкелудің орнына бар ақшаңызды сыпырып алады. Сондықтан қомақты қаржы қайтаруды уәде ететін мекемелердің жарнамасына күмәнмен қарау керек.
Өкінішке қарай, кей адамдар бұған аса мән бере бермейді. Сондықтан салғырттықтың салдарынан сан соғып жатқандар бар. Сарапшылардың пайымынша, бұрындары орта жастан асқан, зейнетке шыққан адамдар алаяқтардың арбауына түсіп жатса, енді декреттегі аналар да қаржы пирамидаларының құрбанына айналып жатқан көрінеді. Сондай жандардың бірі – Әсем есімді павлодарлық. Оның айтуынша, қайын апасының дәл осындай инвестициялық компаниялардың біріне қаржы салып, жағдайы жақсарып, салоннан су жаңа көлік алып, шетелге қыдырып жүргенін көрген ол да осы табыстың "қызығына" еніп кетті.
"Инвестициялық компания беріп отырған мұндай мүмкіндіктер декретте отырған маған маза бермеді. Ол уақытта жолдасымның бар тапқан-таянғаны ипотека, несие, балалардың балабақшасы, азық-түлік, коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге әрең жететін. Сондықтан мен де отбасылық бюджетке кіріс әкелейін деп алтынмен айналысатын әлі компанияға инвестор болуға бел будым. Әпкеммен қарызға ақша алып, соны инвестиция ретінде құйдым. Арнайы ашылған шотқа салғанымнан 100 мың теңгеге жуық артық ақша түсті. Сосын тағы салуды жөн көрдім. Бірақ бұл жолы жолдасым қарсылық танытты. Соған қарамастан тағы да азын-аулақ ақша жібердім. Алайда бұл жолы жоспардағыдан әлдеқайда кеш әрі уәде етілген табыс түсе қойған жоқ. Сол кезде ғана бұл қаржы пирамидасы болуы мүмкін деген ой туындап, бірден байланысты үздім", - дейді ол.
Мамандардың айтуныша, қаржы пирамидалары жаңа салымшылар мен олардан келетін кіріс күрт азайған тұста жұмысын тоқтатады. Сол уақытта инвесторлар бұған дейін үйіп-төккен уәделерін орындай алмай қалады. Яғни, ұзақ уақыт бойы табыс беріп тұру да мүмкін емес.
"Қазіргі қаржы пирамидалары өздерін кез келген ұйым ретінде көрсетудің "тетігін" біліп алған. Көп жағдайда инвестициялық компаниялар ретінде таныстырады. Олар жарнамаларында "табысты бизнес", "жоғарытехнологиялық компания" сынды сөздерді жиі қолданады. Әлеуметтік желілерде белсенді болуы, жарнамалардың кең ауқымды таралуы – сондай ұйымдардың бір белгісі. Тұрғындарды тарта отырып, нарықтағыдан 20, 50, тіпті 100%-ға артық табыс берілетініне сендіреді. Сол себепті ақша салмай тұрып оның қаржы пирамидасы еместігіне көз жеткізіп алу керек. Мұндай ұйымдардың лицензиясы болмайды, шетелде тіркеледі, компания басшысы мен құрылтайшылары туралы нақты ақпарат бермейді, кеңсесі болмайды. Егер осындай белгілері байқалса, бұл – қаржы пирамидасы деген сөз", - дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Толқын Нұрмахин.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, биыл өндірісте екі қылмыстық іс бар. Алғашқы жағдай 2018-2022 жылдар аралығында Екібастұз қаласының аумағында қаржы (инвестиция) пирамидасының белгілері бар "Q-NET" компаниясының заңсыз жұмысын ұйымдастырған екі азаматшаға қатысты болып отыр. Олар 28 тұрғынға барлығы 33 млн теңгеден астам шығын келтірген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жолданды.
Тағы бір азамат қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған. Аталмыш ұйым 5 мыңнан астам салымшымен 7,6 млрд теңге болатын 18 мыңға жуық келісімшарт жасасқан. Сот салымшылардың жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге тең болатын мүлкі мен ақшалай қаражатына арест қойылды. Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іспен танысу жұмыстары жүріп жатыр.
"Департамент өкілдері "Кибернадзор" және "Aimap" құралдары арқылы заңсыз контенттердің таралуына да тосқауыл қоюда. Жыл басынан бері "Кибернадзор" ақпараттық базасына қаржы пирамидасы, онлайн-казино, жалған криптовалюта белгілері бойынша 193 сілтеме енгізіліп, бүгінде оның 93-і бұғатталды. Сол сияқты қаржы пирамидасын жарнамалаған, 780 жазылушысы бар бір әлеуметтік парақша өшірілді", - деп хабарлады департамент өкілдері.
Осындай алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанымен, шалыс қадам басып жатқандар әлі де бар. Соның салдарынан тақырға отырып, жер сипап қалып жатыр жұрт. Сондықтан қандай да бір ұйымға қаржы аударар кезде "жеті рет өлшеп, бір рет кескен" абзал.