Кәсіпкерлер айналым қаражатына 5 млрд-қа жуық теңге алған

2651

Өңірлік кеңес төрағалығына Қайрат Боранбаев сайланды.  

Кәсіпкерлер айналым қаражатына 5 млрд-қа жуық теңге алған

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы саналатын Өңірлік кеңеске 20 кәсіпкер жоғары дауысқа ие болып, мүшелікке сайланды.

"Бүгін Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңадан сайланған құрамымен алғашқы отырыс өтті", – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

"Отырыс барысында кеңес мүшелері төрағаны сайлады. Кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен төраға болып Қайрат Жомартұлы Боранбаев сайланды. Өңірлік кеңестің жаңа құрамына белсенді, қоғамда орны бар, кәсіпкерлердің мүддесін қорғай алатын бизнес өкілдері сайланды. Бүгіннен бастап кәсіпкерлер саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жұмысты бастап кетті. Бұған дейін жұмыс жасаған кеңес мүшелері аймақтағы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бастамасымен, Үкіметтік деңгейге дейін күрішшілердің мәселесін жеткізуімен, жеке балабақшалардың құқығын қорғаудағы принципшілдігімен, сондай-ақ Арыс тұрғындары мен облыс тұрғындарына қайырымдылық жасаудағы белсенділіктерімен ерекшеленді. Алдағы уақытта да ол азаматтармен әріптестік негізде жұмыс істейміз", – деді Палата директоры.

Індеттің салдары, төтенше жағдай мен карантин кәсіпкерлерге оңай тимеді. Біразының шаруасы құлдырады, енді бірі кәсібін тоқтата тұруға тура келді. Ес жинауға әлі де едәуір уақыт қажет. Әйтеуір, қысылтаянда мемлекеттің көмегі үлкен демеу болды. Сол демеудің арқасында жергілікті кәсіпкерлер биыл айналым қаражатына 5 млрд. теңгеге жуық қаражат алыпты. Бұл жайында Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімінің актив жиылысында айтты.

"Облыс бойынша экономиканың аса зардап шеккен салаларында 11 мыңнан аса кәсіпкерлік нысандары қызмет атқарады. "Атамекен" ҰКП тарапынан жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлердің 31% қысқартылған және 32% қызметкерлер жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген. Осыдан-ақ пандемияның зардабын анғаруға болады", – деді Палата басшысы.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары қабылданып жатқандығын, 460 кәсіпкерлік субъектісінің несиелері бойынша төлемдер кейінге шегеріліп, 49 кәсіпкерлік нысаны "Шағын және орта бизнеске" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 8% бір жылға 5 млрд. теңгеге жуық кредит алғандығын айтты.

"Қазіргі күрделі ахуалға байланысты Президент Жолдауында аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту және оның аясын кеңейту тапсырылды. Осы мақсатқа қосымша 200 млрд. теңге бөлінді. Демек, несие алған 49 кәсіпкердің несие мерзімі созылды және басқа кәсіпкерлер де несие алуға мүмкіндік алды. Өңір кәсіпкерлері осы 200 млрд. теңгеден лайықты, қомақты үлесін алу қажет деп есептеймін және бұл бағытта біз түсіндірме жұмыстарын жалғастыратын боламыз", –  деді Ғ.Жақсылықов.

Палата басшысы, қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін басты проблема – қолданыстағы несиелері екендігіне де тоқталды. Ол жөнінде Жолдауда шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6% мемлекеттік субсидия беру тапсырылды.

Ұлттық банктің 1 тамыздағы статистикалық мәліметі бойынша өңірде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 28,7 млрд. теңге несиелері бар болып шықты. Бұл кредиттердің басым бөлігі  банктерден 15-18% тікелей алынған.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу