Кәсіпкерлер өз бизнесінен айырылып, құқық қорғау органдарының "көмегімен" рейдерлікке ұшырауда

234

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан отандық бизнес өкілдерінің басты қорқыныштарының бірі қылмыстық қудалаушылық екенін айтты. 

Кәсіпкерлер өз бизнесінен айырылып, құқық қорғау органдарының "көмегімен" рейдерлікке ұшырауда Фото: mazhilis_kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 19 мамыр 2022 жылы Ақордада, отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында  мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу қажет екенін айтты.

"Құқық қорғау органдары бизнессубьектіге қылмыстық істі тіркеткен сәттен бастап, оның есепшоттарын бұғаттап, қызметтің немесе жұмыстың орындалуын тоқтатып, басқа тараппен шарт жасасуына, оның орындалуына тиым салып, бір сөзбен айтқанда бизнестің барлық ішкі шаруасына еркін араласып кете алады.

Берілген тапсырма орындалды, мемлекеттік кіріс, ішкі мемлекеттік аудит сияқты мемлекеттік органдардың тексеру актілеріне азаматтық тәртіппен шағымдану механизмдері қолданыстағы заңнамаларда айқындалды.

Ол туралы Президент 2022 жылғы 7 желтоқсанда "Алтын сапа" және "Парыз"  байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімінде (сөзбе-сөз) "Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды" - деген болатын", - деді депутат.    

Алайда, айтуынша құқық қорғау органдары Президенттің ол тапсырмасынан айналып өтудің жолын тапты. Енді олар мемлекеттік емес,  жеке аудитор, жеке сарапшы, тіпті болмаса арнаулы білімі бар азаматтарды маман ретінде тарту арқылы, олардан түрлі тексеру актісі, аудиторлық есеп,  маман қорытындысы т.б. атаулармен қорытынды құжат алып, сол арқылы қылмыстық қудалауды бастап кететінді шығарды. Ал сот органдары болса, бүгінгі күні мемлекеттік емес ұйымдардың тексеру актілеріне бизнес өкілдерінен шағымды бірі қабылдаса, енді бірі қабылдаудан бас тартуда.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, яғни антикор, бұдан бұрын экс-министр Бишімбаевқа қарсы іс бойынша Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын, БҚО прокуратурасы Оралдағы тергеу изоляторының құрылысын қылмыстық іс аясында тоқтатып тастау нәтижесінде, мемлекеттік бюджетке миллиардтаған қаржыға зиян келді. Басқа мысал, 8 ақпан 2022 жылғы үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы "Алтын Орда" базары мәселесіне тоқтала келе Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарға тәртіп орнатуды тапсырып, "Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау орган өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін",деген болатын.

Құқық қорғау органдары Президент тапсырмасын "орындады",   атап айтқанда Алматыдағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бұрынғы басшысы Еркебулан Хамзин, "Алтын Орда" базары бойынша ЖШС-ның 95% үлесті тура екі айда өз атына рәсімдеп алды.

Бұл не сонда? Мемлекет саясатының оң жүзеге асырылуына  қарсы жасалып жатқан астыртын зымиян әрекет пе?  

Айта берсеңіз бұндай мысалдарды жүздеп емес, мыңдап келтіруге болады. Нәтижесінде, мемлекетке материалдық тұрғыда зиян келуде, кәсіпкерлер өз бизнесінен айырылып, құқық қорғау органдарының "көмегімен" рейдерлікке ұшырауда.

Бұның өзі кәсіпкерліктің дамуына үлкен кедергі жасап, сот жүйесіне, жалпы билікке деген халықтың сенімін төмендетеді", - деді Құспан.

Депутат Бас Прокуратурадан ҚР Конституциясының 83 бабының талаптарына сәйкес, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде, келесі нақты іс-шараларды атқаруды сұрады:

  1. Құрылыс нысандары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін қылмыстық істің СТБТ (ЕРДР) тіркеліп, құрылысты тоқтатып қойып, тергеу жұмыстары жүргізу практикасына тоқтау салуды;
  2. Президент айтқандай, азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға, яғни СТБТ (ЕРДР) тіркетуді біржолата тыйым салуды;
  3. Ол үшін Республика бойынша қалыптасқан әртүрлі сот практикасына шолу жасап, бірізділендіру бағытында прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануды.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу