2025 жылдың мамыр айынан бері Еуропаның Sentinel-1A және Sentinel-1C спутниктері Каспий теңізінде мұнай өнімдерімен ластанған жаңа дақтарды аптасына бірнеше рет тіркеп келеді.
2025 жылғы 23 маусымдағы жағдай бойынша теңіздің жағалау және ашық аймақтарында жалпы ауданы 64 шаршы шақырымнан асатын шамамен 40 ластану ошағы анықталған. Бұл дақтар Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан суларында да тіркеліп отыр.
Ластану фактілері тұрақты сипат алғанымен, құзырлы мемлекеттік органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Осыған байланысты, 13 маусымда қозғалыс негізін қалаушы Вадим Ни ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдап, келесі сұрақтарға жауап беруді талап етті:
– Қазақстанда мемлекеттік деңгейде спутниктік мониторинг жүргізіле ме?
– Мұнай дақтары тіркелді ме және оларды жою бойынша нақты жоспар бар ма?
– Қазақстан аумағындағы кеме қатынасы қалай бақыланады?
– Каспийдің нәзік экожүйесін жүйелі түрде ластауға жол беруге болмайды. Қазіргі заманауи технологиялар теңіз бетінде мұнай өнімдері мен балласт суларынан болған ластануды жедел анықтап, оған қарсы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан біз мемлекеттік органдардан дереу әрекет етуді талап етеміз, – деді Вадим Ни.
Мамыр-маусым айларындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан суларында жалпы ауданы 18 км² болатын кемінде жеті дақ тіркелген. Ресей аумағында 25 ластану ошағы байқалып, олардың жалпы көлемі 14 км²-ге жуықтаған. Әзербайжан секторы бойынша 5 ірі ластану дерегі тіркеліп, олар 28,8 км² аумақты қамтыған. Ал Түрікменстан бөлігінде 4,1 км² аумақта екі дақ анықталған.
– Мәселе жеке дақтарда емес, олардың жиналуында. Каспийді ғарыштан үздіксіз бақылау тек жедел әрекет етуге емес, ғалымдарға экожүйеге ұзақ мерзімді техногендік қысымды бағалауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтерді басқа жолмен алу мүмкін емес, – дейді "Каспийдегі ашық әлем" жобасының үйлестірушісі Андрей Балагуров.
Айта кетейік, сәуір айында мұнай өнімдерімен ластанған 15 дақ тіркеліп, олардың жалпы ауданы шамамен 32 км² болған. Мұндай ластанулар тіпті аз көлемде болса да экожүйеге кумулятивті әсер етеді: газ алмасу процесі бұзылады, балықтар мен теңіз құстары, планктондар зардап шегеді.
Еске салсақ, бұған дейін Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа аралдың пайда болғаны хабарланған еді.