Inbusiness.kz тілшісі ұлттық спортымызға жаны ашитын бірқатар азаматтың пікірін тыңдап көрген еді.
Шынын айту керек, қазақ күресінен Әлем, Еуразия және Азия чемпионаты секілді түрлі-түрлі жарыстар, халықаралық турнирлер ұйымдастырылып келеді. Еліміздің өзінде бәсі биік "Қазақстан барысы" сияқты көптің көңілінен шыққан жобалар бар. Десе де, ұлттық белдесуімізді Азия ойындарының тізімінен көру бақыты бұйырмай тұр.
"Ұлттық күресімізді қалай атауды білмейміз..."
- Біз өзіміздің ұлттық күресімізді қалай атауды білмейміз. "Қазақ күресі" деп айта саламыз. Ресми сол "қазақ күресі" болып бекітілген. Алайда ол дұрыс емес деп ойлаймын. Басқа елдерге қарасақ, ұлттық күрестерінде жеке атаулар бар. Мысал ретінде арыға бармай-ақ, өзбек ұлтын алсақ, олар өз күресін "өзбек күресі" демейді. "Кураш" деп атайды, болды. Жапондар өз күресіне бөлек-бөлек (дзюдо, сумо) атау берген. Қытайлар ушуды "қытай жекпе-жегі", кәрістер таэквондоны "корея жекпе-жегі" демейді. Ал, біз ұлттық күресімізді талай жылдан бері "қазақ күресі" деп келдік. Ресми солай бекітілсе де, өзге елдің спортшылары көбіне қазақ күресі емес "казак кураш" деп айтады екен. Оны спортшылардың өз аузынан да естіген кез болған. Әлеуметтік желілерге де "казак кураш" деп жазып қоятындар көп кездеседі. Күрес дегеннен гөрі, оларға кураш деген ыңғайлы сияқты. Өйткені, қазақ күресімен айналысатындар курашты да бірге алып жүреді. Қазақ күресін әлемге танытамыз деп күресті курашқа айналдырып алғандаймыз. Сол үшін басқа атау берген дұрыс. Әр спортта өз атаулары бар. Сол сияқты біздің де өз ұлттық күресімізге жеке атау керек, - дейді спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.
Еліміздің биылғы Азия ойындарындағы нәтижесі көңіл көншітпеді. Әрі көпшілік көрші ағайындардың ұлттық спорты кураштан алтынды таңдап жүріп алғанын жақсы біледі. Ал, біз миллиондап, миллиардтап қаржы жұмсасақ та, ұлттық спортымызды тым құрыса Азия ойындарының тізіміне енгізе алмадық. Бұл ретте тек спорттың атауы ғана рөл атқармайды.
"Төл спортты рейтинг үшін төмендете береміз бе?"
Қазақ күресінен спорт шебері Сұңғат Закарияев әлеуметтік желіде "Қазақ күресі – мазақ күресі болып кеткен жоқ па?" деп, ашынғаннан ащы даусының шыққанын жазады. Ол "Өнер барысын" ұйымдастырушылар ұлттық спортымызды ұлықтаймыз деп, ұмытпайтындай күлкі қылғанына налиды.
- Қазақ күресі – мазақ күресі болып кеткен жоқ па? Бұрын "Өнер барысы" бастауын алған кезде өнерде жүрген ардақты, салмақты, жан-жақты жігіттер шыққанда қуанып қалып едік. Қазір "экранды қосып қалдық, қосқан бойда шошып қалдық" деген сыңайға сай келіп отыр. Себебі, бұрын намысы барлар шықса, қазір "танысы" барлар мен интернетте табысы барлар шығып кетті. Былайша айтқанда, лайк қуған мен хайп қуған жігіттер. Жақсы. Өздерін баптап шықса, ережені жаттап шықса, ер мінезді сақтап шықса бір жөн. Бірі ауызына келгенді сөйлеп шықты, бірі тіпті билеп шықты, бірі қарынын қағып шықты, бірі үкісін тағып шықты. Бұл масқара ғой. Намыс пен мінез сыналатын боз кілемде, иыққа таққан қасқырды түлкіге айналдырып, қазақ күресін күлкіге айналдырып өзімізді-өзіміз масқаралағаннан не ұтамыз? Телеканалдың рейтингі жоғары болсын деп төл спортты төмендете береміз бе? Бұл қазақ даласына аты шыққан Қажымұқаннан қалған күрес, бұл үш жүздің үмітін ақтаған Үшкемпіровтен қалған күрес, инстада лайк сұрап, тиктокта қайыр сұрап отырған блогерден қалған күрес емес!
"Өнер барысы" болмасын емес, болсын! Бірақ ессіз "тентекше" емес, есті еркекше болсын! Көпшіліктің алдында көре алмағаннан жазып отырғаным емес. Таңдайдан да, маңдайдан да тер тамып осы салада жүрген спортшы ретінде бір ауыз пікірім. Мазақты көріп қаным тасығаннан, қазақ күресіне жаным ашығаннан айтқаным, - дейді ол.
Қазақ күресін қандай атаумен алмастырған дұрыс?
Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс та көп айтылып жүр. Спорт журналисі Айбек Мұханов та "қазақ күресінің атауын өзгерту керек" дегенді қолдайды. Тіпті, ол жүйені түгел ауыстырып, ауыл спортына көңіл бөлетін уақыт жетті деп есептейді.
- Ең бірінші, бізге жоспар керек. Қай спорт түрін дамытамыз, нақты жеңімпаздар даярлаймыз, т.с.с. Мысалы, үшін жапондар өз күресін жапон дзюдосы деген жоқ қой. Қазақ күресі спортының атауын ауыстырып, мектеп бағдарламасына енгізу керек. Одан қалды жүйені жөнге келтіріп, нақты әрі жүйелі жоспар құрып, ауыл спортына көп көңіл бөлген дұрыс.
Негізі қазақ күресінен Азия, Еуразия, Әлем чемпионаттарын өткізіп жатырмыз, мұның өзі жақсы жаңалық. Өйткені, қызығушылар қатары артып келеді деп ойлаймын, - дейді ол.
Ал, қоғамда "қазақ күресін басқаша қалай атауға болады?" деген сарындағы сұрақтың өздігінен қойыла кететіні шындық. Оған да жауап бар немесе жауаптылар лайықты нұсқалардың тізімін жасауына әбден болады.
"Қазақша күрес емес, қазақ күресі" деген мағынадағы және басқа да таусылмас дау-дамайларыңызбен "ырылдасып" жүргендеріңізде... Өз-ағам курашын Азия ойындары бағдарламасына енгізіп жіберді.
Ең әуелі, ұлттық белдесу өнеріміздегі "қазақ" деген сөзді құрту керек қой. "Америка күресі", "Ағылшын күресі" және т.б. жоқ. Сол бір ауыз сөзбен халықаралық аренаға шыға алмаймыз. БЕЛДЕСУ... Болды!" дейді спорт сарапшысы Нұрғазы Сасаев.
Қалай десек те, төл өнерімізді төрге шығарудың, яғни әлемдік аренаға шығарудың жолын қарастыруымыз керек. Әйтпесе, бұл тақырыптың қозғалғанына да 10 жылға жуық уақыт болып қалды. Кімді күтеміз, нені күтіп жүрміз?