Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Хабар" телеарнасының "Ашық диалог" жобасы аясында өткен аптаның ең көп талқыланған мәселелеріне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды inform.kz.
Мекеме басшысы қазақ тіліне қатысты мәселені жариялау аясында отандық БАҚ-тың позициясына таң қалатынын айтты.
"Қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне қатысты барлық дүние әрдайым өткір болмақ. Білім және ғылым министрлігі барынша толық түсініктеме берді. Олар, керісінше, сынақ тапсыруда қазақ тілінің рөлін күшейтті. Әзірге БҒМ ҰБТ-ны екіге бөлді: мектептегі бітіру емтихандары және ЖОО-ға түсу емтихандары. Мектеп бітіру емтихандарында қазақ тілі қалды және ол аттестатқа ықпал етеді. Мектеп бітірушілердің саны университетке түсетіндер санынан әлдеқайда көп, сондықтан қазақ тілінің мәртебесі өседі", – дейді министр.
Өткен аптадағы барлық ақпарат ағынынан Дәурен Абаев алматылық Вячеслав Поповтың мәлімдемесін ерекше атап өтті. Ол фейсбуктегі парақшасында жарты жылда қазақ тілін үйреніп алуға ниетті екенін жазды.
"Мен жеке өзім үшін Вячеслав Поповтың қазақ тілін үйрену туралы мәлімдемесін түртіп алдым. Оның ұмтылысын үнемі бақылап отырамын. Біздің қоғамда қазақ тілі оқытылмай жатыр деген мәселе қызу талқыланады, бірақ азаматтардың қазақ тілін өз бетінше үйренуге жасаған ұмтылысы көлеңкеде қала береді. Ақпарат және коммуникация министрі ретінде мені бұл мәселе таңғалдырды", – дейді министр.