Қазақстан экологиялық міндеттемелерді толық орындамай отыр

889

Каспий итбалықтарының популяциясы жыл сайын 3%-4%-ға азайып жатыр. 

Қазақстан экологиялық міндеттемелерді толық орындамай отыр

2011-2020 жылдар аралығында еліміз биоалуантүрлілік саласындағы 20 міндеттің бірде-біреуін толық орындамаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстан БҰҰ-ның биологиялық әртүрлілік туралы Конвенциясына 1994 жылы қосылған. 

2010 жылы Нагояда (Айти префектурасы, Жапония) тараптар биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану атты стратегиялық жоспарын қабылдаған. Оның ішінде 2011-2020 жылдарға арналған 20 IT міндеті де бар.
 
Конвенцияға мүше елдер 2 жылда жалпы халықаралық құрылым негізінде қайта қаралған және жаңартылған ұлттық стратегияларды және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуге міндетті болған. Алайда Қазақстанда мұндай стратегия әлі қабылданбаған. Бұл елімізде биоалуантүрлілікті сақтау бойынша 
мемлекеттік саясат жоқ екенін, әрі Қазақстан міндеттемелерді орындамай отырғанын көрсетеді.

Экология бойынша халықаралық міндеттемелерді орындамау ұлттық экономиканы бәсекеге қабілетсіз етеді. 2020 жылы шыққан экологиялық нәтиже индексіне (EPI) сәйкес, Қазақстан 180 мемлекеттің арасында биоалуантүрлілікті сақтау бойынша 128-орынды иеленген.

Биоалуантүрлілікті сақтауға жұмсалатын мемлекеттік және жеке шығындарды талдау барысында бұл салаға көбінесе мемлекет бюджетінен қаржы бөлінетіні анықталған. Ол – қаржыландырудың жалғыз кепілдендірілген көзі. 

Мысалы, 2008-2014 жылдары биоалуантүрлілікті сақтауға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі – 86%. Алайда бұл осы кезеңдегі мемлекеттік шығыстардың жалпы көлемінің тек 0,4%-0,8%. 

Жеке сектор бөлген қаржының 14%-ына тоқталайық. Оның 7% -халықаралық гранттар мен үкіметтік емес ұйымдарға, 5%-ы табиғатты қорғау мекемелерінің меншікті қаражаты, 2%-ы өнеркәсіп компаниялары. 

БИОФИН сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, ҚР биологиялық әртүрлілік туралы алтыншы ұлттық баяндамасында Қазақстандағы биоалуантүрлілікті қаржыландыру көлемі 7 жылда (2008 жылдан 2014 жылға дейін) шамамен 1,2 миллиард доллар болған.

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті қаржыландыруды жоғарыда көрсетілген кезеңдегі елдің макроэкономикалық көрсеткішімен салыстырайық: биоалуантүрлілікке жұмсалатын шығынның үлесі – Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен 0,1% және оның үлесі азайып барады.

Мысалы, 2008 жылы бұл көрсеткіш 0,18% болса, ал 2014 жылға қарай ол 0,08%-ға дейін төмендеген.

Зерттеуге сәйкес, 2016 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану мақсатында қаржылық ресурстарға қажет сома 851 миллион доллар болған.

Сарапшылардың айтуынша, биоалуантүрлілікті қаржыландырудың жыл сайынғы тапшылығы шамамен 55%. 
Мысалы, 2020 жылғы коронавирус пандемиясында қарамастан Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тұрақты өскен.

Мәселен соңғы 5 жылда елдегі негізгі капиталға салынған инвестиция 52,5 триллион теңге, ал 2020 жылы тікелей инвестиция 12,3 триллион теңге болды. Инвестициядағы негізгі үлес тау-кен өнеркәсібіне тиесілі: 33,6% немесе 4,1 триллион теңге.

Соңғы 3 жылда тау-кен өнеркәсібі саласындағы жиынтық инвестицияның үлесі – орта есеппен 40%. Яғни инвестицияның негізгі бөлігі көбінесе мұнай-газ секторына тартылады.

Өндіруші сала мен биоалуантүрлілікті сақтауға тартылған инвестиция арасындағы теңгерімсіздік (дисбаланс) Каспий итбалығының жойылуына ықпал етіп жатыр.

Соңғы бірнеше онжылдықта Каспий итбалықтарының саны 1 миллионнан 100 мыңға дейін күрт азайған.

Ғалымдардың айтуынша, Каспий итбалықтарының популяциясы жыл сайын 3% -4%-ға азайып барады. Бұл тенденция тұрақты байқалып отыр.

Итбалықтардың жойылуына өнеркәсіп, мұнай өнімдері және күкіртсутекпен улану, кеме қатынасы, браконьерлер, ауру эпидемиясы, азық-түлік базасының сарқылуы, климаттың өзгеруі, мұздықтардың болмауы сынды факторлар әсер етіп жатыр.

Айта кетейік, Каспий итбалығы  Каспий теңізінде ғана тіршілік ететін эндемик. 2020 жылы ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу