Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Азия Даму Банкінен, Азия Инфрақұрылымдық Банкінен, сондай-ақ Халықаралық Қайта құру және Даму банкінен жалпы сомасы 190 млрд йенге жуық қаражат тартуға мүмкіндік беретін құжат қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нақтырақ айтқанда, "Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңы аясында 52,3 млрд йен алу ескерілген.
"Мемлекет басшысының биылғы 5 тамыздағы Жарлығына сәйкес, 52,3 млрд жапон йенасы көлеміндегі қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 23 тамызда қол қойылды. Жапон йенасы валютасын таңдаудың негізі себебі - ол Жапониядағы тарихи төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және қазақстандық теңге мен жапон йені арасындағы тығыз корреляцияға байланысты. Бұл қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Аталған банктің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі", – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев.
Оның айтуынша, тартылатын қарызға қызмет көрсету және оны өтеу, Қарыз туралы келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
"Өткен жылдардың ішінде Қазақстан мен аталған Банк арасында кең ауқымды экономикалық мәселелерді қамтитын берік және сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Қазақстан Азия Даму Банкіне 1994 жылы қосылды. Еліміздің үлесі 0,805%-ды құрайды", – деді министр.
Сонымен қатар, бүгін қабылданған "Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңы бойынша 52,7 млрд йен алу қарастырылған. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда қол қойылды. Бұл қаражат та Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Аталған банктің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Қазақстан аталған Банкке 2017 жылы қосылды, еліміздің үлесі 0,754%-ды құрайды.
Бұдан бөлек, Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңы аясында 84,9 млрд йен тартылады. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 11 қазанда қол қойылды.
"Бұл қаражат экономикамыздың маңызды салаларын қамтитын Үкіметтің биылға арналған республикалық бюджетте қарастырылған міндеттемелері мен басым бағыттарын қаржыландыруға жұмсалады. Аталған банктің қарызы 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзіміне беріледі", – деді М. Такиев.