Қазақстанның екі Олимпиададан алтынсыз қайтуы – қаражаттың 60 пайызының олимпиадалық емес спорт түріне бөлінгенінен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Парламент мәжілісінің отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке спорттағы қаржы мәселесін ашынып айтты.
– Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр. Орта Азия елдерін озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланды да біздің шашпалыққа жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды, – деді ол.
Мысалы, қаражаттың 60 пайызы олимпиадалық емес спортқа бөлінеді. Сондықтан, Қазақстан құрамасы соңғы екі Олимпиадада алтынсыз қайтып жүр. Ал, мәжілісте қаралып жатқан "Спорт туралы" заң жобасына осындай олқылықтың орнын толтырмақ.
– Енді мемлекеттен бөлінетін қаражат олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлеріне ғана бөлінеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп келген 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді, – деп ерекше атап өтті халық қалаулысы.
Өз кезегінде мәжіліс депутаты мемлекеттен миллиардтар алып келген клубтарды санамалап шықты. Мысалы, соңғы 6 жылда "Барыс" хоккей клубы бюджеттен 49 млрд теңге алған. "Астана" футбол клубы дәл осы аралықта 50 млрд қаражат жұмсаған. Бөлінген қаржының тым көптігіне қарамастан, клубтар инфрақұрылымына еш мән бермеген. Тағы бір мысал, "Астана" футбол клубының алты жыл ішінде футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсағаны белгілі болған.
– 2023 жылы "Ақтөбе" футбол клубы 1,8 млрд теңге қаржы алса, 2024 жылы 3,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. "Астана" футбол клубының 2023 жылы алған қаржысы 5,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 млрд теңгеге жеткен. "Жеңіс" футбол клубы 2023 жылы 500 млн теңгеге алса, 2024 жылы 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. "Ордасы" футбол клубының алған қаржысы 2023 жылы 5,6 млрд теңге, 2024 жылы 5,3 млрд теңге болған. Жалпы, 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған 2023 жылдың өзінде "Спорт қорынан" 6 млрд теңге алған "Астана" велокомандасын, 1,3 млрд теңге алған "Астана" баскетбол клубын қосыңыз. Айта берсем, ақпарат өте көп, сәйкесінше спортқа бөлінетін қаражатты шектеу туралы шешімнің дұрыс екенін, ал бүгін байбалам салғандардың түпкі мүддесі не екенін анық аңғаруға болады, – деді Нартай Аралбайұлы.
"Спорт туралы" заңды халықтың мүддесі үшін қарап, түзетіп жатқан Мәжіліс пен ҚР Туризм және спорт министрлігіне осы кездің өзінде ақпараттық шабуылдар басталып кеткен.