Қазақстан Қытайдағы барлық қандасты жаппай көшіріп алуды көздемейді – СІМ

1028

Бірінші вице-министр Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына қатысты алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды.  

Қазақстан Қытайдағы барлық қандасты жаппай көшіріп алуды көздемейді – СІМ

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қазақстан Қытайдағы барлық қандасты елге жаппай көшіріп алуды көздемейтінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "Егемен Қазақстан" газетіне сілтеме жасап.

"Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндігін қарастыратындары да, қарастырмайтындары да бар... Біздің мемлекет барлық қандасты Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп отырған жоқ. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі", - деп жазды министрдің бірінші орынбасары мақаласында.

Оның айтуынша, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасқа виза рәсімделген. Кейбірі елге оралған соң Қазақстан азаматтығын алған.

"Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің бейресми мәліметінше, 2018-2019 жылдары 7 мың қандасымыз Қазақстанда жүріп, Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Алматыдағы Бас консулдығы арқылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін бітіруге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, бұл жұмыс пандемияға байланысты уақытша тоқтап қалды", - деді Шахрат Нұрышев.

Осы орайда ол Қазақстанға көшуді жоспарлап жүрген қандастарға өтінішін айтты.

"Қытайдан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР азаматтығынан шығу керек. Сол кезде азаматтыққа кіру, зейнетақы алу және шекарадан өтуге қатысты мәселелер туындамайды", - деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ Шахрат Нұрышев Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына күдікпен қарайтындарға жауап берді.

"Кейінгі кезде қоғамда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың қажеттілігіне, екіжақты ынтымақтастықтың тиімділігіне күмән білдіріп жүргендердің дауысы қаттырақ естіліп жүр. Олардың бір бөлігі "саяси егемендігіміздің жоғалу қаупін" айтса, басқасы еліміздің "Қытайға экономикалық тәуелділігі" туралы сөз қозғайды. Көп жағдайда қауесет әңгімелер ақпараттың жеткіліксіз болуынан немесе берілген ақпараттың бұрмалануынан туындайды", - деді министрдің бірінші орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу