Қазақстан – Қытаймен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы ел

675

Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейді.

Қазақстан – Қытаймен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы ел

Қытаймен су ресурстарын бөлу мәселесіне қатысты өте күрделі келіссөздер өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Бүгінгі күнгі негізгі проблема – Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында", – деді ол Сенатты өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Кіріспеден және 31-баптан тұратын бірыңғай құрылым келісілді.

"Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан –Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып саналады. Жалпы біз Келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етудеміз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Оған қарамастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Келіссөздер жалғасуда", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның дерегінше, Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып саналады. Соның салдарынан еліміз шектес елдердің, атап айтқанда, Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Ресей Федерациясымен су шаруашылығы саясатымен тығыз байланысты.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалымен өтіп жатқан Үкімет сағаты "Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары" тақырыбына арналған. Сенат спикерінің орынбасары кіріспе сөзінде суға қатысты мәселелер Үкімет пен жергілікті биліктің бақылауында болуы тиістігін, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымына толық аудит жүргізу қажеттігін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу