Қазақстан қызылша жұқтырғандар саны бойынша Африка елдерінің алдына шықты – сенатор

469

Бүгінгі таңда елімізде қызылшаны жұқтырғандар саны 21 мыңнан асқан.

Қазақстан қызылша жұқтырғандар саны бойынша Африка елдерінің алдына шықты – сенатор Фото: rebenok-clinic.ru

Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында еліміздегі қызылшаға қарсы вакцинация мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты..

"АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша көшбасшы үштікке кіреді. Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны 21 мыңнан асты. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл жұқпалы ауру Эфиопияда – 11 мың, Пәкістанда – 8 мың, Конгода 6 мың адам ғана шалдыққан. Яғни бұл жұқпалы дерт бойынша Қазақстан тіпті Африка елдерінің алдына шықты. Еліміздегі сарапшылар пікірінше, вакцинациялау бағытында мәселелер бір күнде туындаған жоқ", - деді сенатор Бибігүл Жексенбай. 

Ол ЮНИСЕФ ұйымы осыдан бірнеше жыл бұрын зерттеу жасағанын жеткізді.

"Ұйым Қазақстандағы екпе жүргізудегі негізгі мәселелерді саралап, кемшін тұстарын көрсеткен. Негізгі мәселелердің бірі – екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесіз сараланып жасалмай келе жатқандығы. Екіншіден, бірқатар өңірлерде елде бар вакциналардың өзі қолжетімсіз және егу қызметінің сапасының төмендігі болып отыр. Шалғайдағы және ауылдық елдімекендерде медициналық персонал мен құрал-жабдықтар жетіспеуі де балаларды уақытылы вакцинациялауды қиындатып отырғаны айтылады. Үшіншіден, вакцинаның сапасы мен оның сақталуына қатысты мәселелер қоғамда ашық айтылмай келеді. Вакцинаның уақытылы жеткізілуі мен оның тиісті температуралық режимде сақталуы бойынша қадағалау жеткіліксіз. Төртіншіден, кейбір әлеуметтік-экономикалық топтарды екпемен қамтудың төмендігі, сондай-ақ діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартушылармен жұмыстың пәрменді жүргізілмеуі. Бесіншіден, екпе жасалуы туралы мәлімет көрсеткіштері бойынша есептердің дұрыстығына күмән көп", - деді депутат. 

Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағаз дәптерде болуы түсініксіз, деп жалғастырды спикер. Оның айтуынша, елімізде медицина саласын цифрландыру әлі де дұрыс жүргізілмей келеді.

"Неліктен Үкімет екпеге қатысты мәселені шешуге жылдар бойы немқұрайдылық танытып келе жатыр?", - деп сұрады сенатор.

Депутат қоғамда вакцинацияның маңызы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық-насихаттық жұмысты барынша күшейтуді ұсынды. 

"Қажет болса, ковид кезіндегіндей арнайы республикалық ақпараттық штаб жұмыс істеу керек. АҚШ, Еуропа, басқа да өркениетті елдер халыққа телефон, пошта арқылы арнайы хабарлама жіберіп, түсіндірме жұымстарын жүргізеді. Озық тәжірибелермен, тіпті қажет болса мешіт, басқа да діни сенім орталықтарында да түсіндірме-насихат жұмысын жүргізу. Бәлкім арнайы заң қабылдайтын да уақыт келген болар", - деді Жексенбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу