Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан Денсаулық сақтау министрліктері арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Осылайша, тараптар денсаулық сақтау саласындағы түйіткілдерді бірігіп шешуге, стратегиялық әріптестік негізінде практикалық
ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытуға келісті. Екі министрліктің басшылары денсаулық сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен келісімнің маңыздылығын құптады және 2020 жылғы 2 қарашада
Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлерінің орынбасарлары қабылдаған “Жол картасын” іске асыру жағы сөз болды.
Жол картасы” аясында Шымкентте дәрілік заттар мен гигиеналық құралдар шығаратын өндіріс орнын салу, Өзбекстан аумағында дәрілік заттарды бірлесіп өндіру, сондай-ақ дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеу жоспарланған.
Тараптар эпидемия мен пандемияға қарсы шұғыл әрекет ету және өзара іс-қимыл жасау бойынша бірлескен тиімді шаралар әзірлеуге уағдаласты. Жоғары технологиялық көмек көрсету, вакциналық профилактика, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық, ақпараттық технологияларды енгізу ісін жолға қою, фармация, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінде кооперация құру, МӘМС бойынша қызмет көрсету және денсаулық сақтау саласындағы өзге де перспективалар талқыланды.