Министр Ажар Ғиният отставкаға кетсін! Бүгін таңертең өзге емес, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми парақшасынан осындай үндеуі бар петицияны көрген отандастарымыздың ұйқысы шайдай ашылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Министрлік өз-өзін сынға алайын деген ойынан айнып қалды ма, Телеграм-арнада жарияланған жазбаның әп-сәтте көзі жойылды. Артынша министрлік бұл петицияның ресми парақшада қалай пайда болғанын түсіндіріп, ақталды.
Министрліктің жауабынша, бұл қарапайым техникалық ақау. Қызметкерлері бұған дейін әлдебіреулер шығарған петицияны терістеу материалын дайындаған болуы керек. Бірақ жазбаның орнына, петицияға сілтеменің өзі жарияланып кетіпті. Мамандар да бұл қара пиар болуы мүмкін, деген пікірмен келіспейді.
"Министрлік болсын, жеке тұлға болсын, өзіне дәл осындай тақырыппен, дәл осы жолмен беделін көтергісі келеді деп ойласа, пиар маманы ретінде маған бұл түсініксіз. Өйткені, дәл денсаулық сақтау саласын алатын болсақ, толастамай тұрған әлеуметтік сақтандыру мәселесі. Халықтың сұрағы көп, шағымы көп, көңілі толмай отырған кезде дәл осы отставка тақырыбын қара пиар ретінде пайдалану тиімсіз құрал дер едім", - дейді PR-маманы Салтанат Әскербекқызы.
Ал енді мұндай ақаудың кесірінен мемлекеттік органның беделіне қаншалықты нұқсан келеді деген сұраққа келсек, бұл расында ойланатын мәселе. Ескере кететін жайт, петиция ресми сайтта емес, әлеуметтік желіде жарияланды. Ал оған сырттан шабуыл жасау оңайырақ.
"Жалпы парақшаны жүргізу деген үлкен мәселе. Оны кім жүргізеді, оның кілті кімге қолжетімді? Әлеуметтік желілерді жүргізудегі үлкен проблема соны жүргізген адамдардың тұрақсыздығы. Яғни, жарты жыл бір адам жүргізсе, бірнеше айда басқа адам келуі мүмкін. Әлеуметтік желідегі жұмыс көшпелі мамандардың саласы дер едім", - дейді PR-маманы Салтанат Әскербекқызы.
Енді министрліктің петицияға қарсы жауабын сараптап көрейік. Онда негізінен министр мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы сынға түскен. Автор салықтан түскен ақша қайда кететінін түсінбей дал. Ведомство осы сақтандыру жүйесінің арқасында елдің денсаулық сақтау бюджеті кейінгі 3 жылда 1,1 триллионнан 2,8 триллионға көтерілгенін айтты.
"МӘМС-тің есебінен стационарлық көмекті қаржыландыру 2,4 есе, жоғары технологиялық медициналық көмек 2,5 есе, күндізгі стационарлар 2 есе ұлғайды, жыл сайын 1,5 миллионға жуық КТ/МРТ қызметтері жүргізіледі, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту деңгейі 3,9 миллион адамға дейін жетті. Қаражатты жұмсаудың ашықтығы тұрғысынан медициналық сақтандыру қоры жария есептілік пен ашықтық ережелерін қатаң ұстанады", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Ал мамандар мұндай петиция жариялап, халықты дүрліктіргеннен түк пайда жоқ, деген пікірде. Себебі, жүйе түбегейлі өзгеріске зәру. Ол министрлік басындағылардың бірінен екіншісіне ауысқанынан шешіледі деп ойлау-қате пікір.
"Біздегі денсаулық сақтау саласының даму жолы бірқалыпты болған жоқ. Бір қадам алға басса, екі адым артқа жүреді. 32 жылдың ішінде сау-қамтығы қалмаған саланы, осындай жағдайға түскен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін бір қалыпқа түсіру оңай емес. Министрдің мойнынан бұл жүкті алып тастамаймын, бірақ бұған медицина мамандарының өзі де, сол медициналық қызметті алатын пациенттер де қатысуы керек. Өңірлерді аралап, мәселенің түбін қазу керек", - дейді денсаулық сақтау саласының сарапшысы Бақыт Түменова.