Бүгін Ұлан-Батыр қаласында (Моңғолия) Qazaq kuresi-нен Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Qazaq kuresi халықаралық федерациясының баспасөз қызметі.
Бозкілемде кездесулер сегіз салмақ дәрежесінде өтті. Сондай-ақ, абсолют салмақ дәрежесінде де медальдар сарапқа салынды.
"Бүгінгі чемпионатқа Қытай, Үндістан, Пәкістан, Корея, Жапония т.б 11 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысып отыр. Халықаралық қазақ күресі федерациясы ұлттық спорт түрінің шетелдерде дамуы мен көркеюі бағытында қарқынды жұмыс жасап келеді. Бүгінде Грузия, Қытай, Иран мемлекеттерінде қазақ күресі федерациялары бар. Бұл ретте, осындай ауқымды іс шараны ұйымдастыруға атсалысқан Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга мырзаға, Моңғолия білім, мәдениет, ғылым және спорт министрлігіне, оның ішінде дене шынықтыру және спорт бөлімінің директоры Энэбиш Мунхбилэгке, қазақ күресінен Азияда федерациясының Президенті Хашбаатар Цагаанбаатарға ерекше алғыс білдіргіміз келеді", – деді Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының бас хатшы кеңесшісі Ұлан Рысқұл.
Қорытындылай келгенде, Моңғолия палуандарында 16 медаль: 5 – алтын, 6 – күміс және 5 қола медаль бар. Екінші орында Қазақстан құрамасы, оларда 8 медаль: 3 – алтын, 2 – күміс және 3 қола медаль иеленді.