Қазақстан теміржолы Тәуелсіздік күнін тойлады

1283

Қазақстан теміржолы Тәуелсіздік күнін тойлады

"Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Әзербайжан мен Тәжікстандағы әріптестеріне "Достық" орденін табыс етті.

Ұлттық компанияның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарасына ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, сондай-ақ, шетелдік қонақтар – "Әзербайжан темір жолдары" компаниясының төрағасы Джавид Гурбанов пен "Рохи охани Точикистон" компаниясының басшысы Комил Мирзоалиев қатысты.

"Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясының президенті қызметіне 2016 жылдың қыркүйегінде ғана тағайындалған Қанат Алпысбаевтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында 2500 шақырым жаңа темір жол салған екен.

"Президент  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстанның көлік-логистикалық кешенін дамытуға, оның ғаламдық көлік желісіне қосылуына  зор көңіл бөлді.  Аймақтардағы ішкі қатынастарды қамтамасыз етіп, еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін өсіру мақсатында жаңадан 2500 шақырым жол салынды", - деп атап өтті Қ.Алпысбаев.

25 жыл ішінде Қазақстанда 4700  шақырым теміржол күрделі жөндеуден өткен.

"ҚТЖ" ұлттық компаниясының басшысы атаған тағы бір жетістік – 25 жыл ішінде Қазақстанда 1000  локомотив, 37,5 мың жүк вагоны, 1500 жолаушыларға арналған вагондар пайдалануға берілген.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына орай,  "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы еліміздің көлік-логистика кешенін дамытты, теміржолдағы транзиттік әлеуетті күшейтіп, халықаралық инфрақұрылымға кірікті. Жолаушылар тасымалы саласында, жүрдек пойыздар көбейіп, Қазақстанның орталық  қалалары өзара түгел байланысты. Қазір компания теміржолмен қатар, теңіз тасымалына ден қойып, көлік-логистикалық орталықтардың қызметін үйлестіріп жатыр. Осылайша, теңіз порты, әуежай мен автокөлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып отыр",-дейді компания басшысы Қ.Алпысбаев.

Осы шаралардың арқасында, 2016 жылы Азия-Еуропа бағытындағы контейнерлік жүк тасымалы 2011 жылмен салыстырғанда 100 есеге артып, компания Транскаспий бағдарымен теңіз тасымалын дамыту мақсатында қазақстандық флотты құра алған.

Қазақстан теміржолы саласының 25 жылдағы жетістігін осылай тізген Қанат Алпысбаев  шетелдік әріптестеріне зор марапат көрсетті. Атап айтсақ, "Әзербайжан темір жолдары" компаниясының төрағасы Джавид Гурбанов пен "Рохи охани Точикистон" басшысы Комил Мирзоалиев II-дәрежелі  "Достық" орденімен "марапатталды. Қанат Алпысбаев "көрші елдердің теміржол басшылары көлік-логистика саласындағы Қазақстанның сенімді серіктесі болғаны үшін әрі осы серіктестікті дамытуға  сіңірген еңбектері үшін осындай марапатты иеленіп отыр" екен. Ал, "Қазақстан теміржолы" ҰК" АҚ президентінің кеңесшісі Фарит Галимов II-дәрежелі  "Барыс" орденін иеленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу