Пәтеріңіздің түбіртегіне бұрын-соңды болмаған тағы бір шығын қосылғалы тұр

1637

Қазақстанда келесі жылдан бастап, азаматтар әрбір баспанасын сақтандыруға міндеттелуі мүмкін.

Пәтеріңіздің түбіртегіне бұрын-соңды болмаған тағы бір шығын қосылғалы тұр Фото: inbusiness.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, үйді сақтандыру полисі үшін сақтандыру компаниясына тұрақты түрде 20 мың теңгеге дейін төлеп тұруға тура келмек.

"Тұрғын-жайды сақтандыруға міндеттеу бюджетке түсетін жүктемені төмендетеді. Себебі, сақтандыру төлемдерінің болуы мемлекетті зардап шеккендерге келтірілген залалды толығымен өтеуден босатады. Онсыз апатты оқиғалар болған жағдайда, мысалы, мемлекеттік қолдау немесе сақтандыру ұйымдары арқылы өтемақы жасаудың қолданыстағы тетіктері апат салдарынан келтірілген залалды толық өтеу үшін жеткіліксіз болып шығады", – деп дәйектеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Мұның азаматтар мен бизнес үшін, әсіресе табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда тұратындар үшін үлкен тәуекелдер тудыратыны алға тартылды.

Мәдина Әбілқасымова басқаратын ведомствоның байламынша, табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтардағы азаматтардың тұрғын-жайын сақтандыру бойынша заңнамалық талаптардың болмауы "апаттық тәуекелдерден қорғау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай кемітеді".

Агенттіктің түсіндіруінше, оның сомасы өңірдің жер сілкінісі, өрт, қар көшкіні, сел сияқты табиғи апаттар қаупі жоғары не төмен болуына байланысты болады. Соған қарай тиісті коэффициенттер бекітіледі.

"Аймақтың табиғи апаттарға ұшырау тәуекелі деңгейіне байланысты сақтандыру сыйлықақысының сомасы сараланады. Осы арқылы сақтандырудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Алдын ала бағалау бойынша мұндай сақтандыру құнының ең төменгі шегі – 1 000 теңгеден басталып, ең жоғары шегі – 20 000 теңгеге дейін белгіленеді. Осы арқылы оның көлемі мүлік салығының сомасына жуықтайды", – деді қаржылық реттеушінің сарапшылары.

Олардың мәліметінше, І-ші кезеңде сақтандыру төлемдері есебінен апаттан зардап шеккен азаматтардың тек бірінші кезектегі қажеттіліктері ғана өтеледі. Оған төленген сақтандыру сыйлықақысының 500 еселенген мөлшері көлемінде қаржы бөлінеді.

Мысалы, баспана иесі сақтандыру полисі үшін 1 мың теңге ғана төлеп тұрса, онда апат болған жағдайда сақтандыру компаниясынан ең көп дегенде 500 мың теңге ғана ала алады.

Егер 20 мың теңге сақтандыру сыйлықақысын аударып тұрса, өтемақы 10 миллион теңгеге дейінгі сомада болады.

Бүгінде бұл ақшаға қалаларда пәтер табу қиын. Қаржы нарығын реттеу агенттігі ІІ-кезеңде, яғни, қаражаттардың жинақталуына қарай жөндеу шығынын өтеу немесе жаңа баспана сатып алуына көмектесу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

Осы мақсатта Қазақстанда жаңа ұйым құрылады. Оған әзірге "Мемлекеттік сақтандыру ұйымы" деген шартты атау беріліп отыр. Осы ұйымда активтердің жинақтаушы бөлігі құрылады, оған бюджеттен қаражат бөлінеді деп күтілуде.

Агенттіктің түсіндіруінше, осының арқасында мемлекеттік сақтандыру компаниясы жұмысының бірінші жылынан бастап, өтемақы жасауға қабілетті болады.

Алғашқы 3 жылында компания әлгінде айтылғандай, апаттан зардап шеккендердің тек бірінші кезектегі қажеттіліктерін өтейді. Кейінгі жылдары баспанасын жөндеуге немесе қайта салуға қаражат бөле алуы мүмкін.

ЮНИСЕФ мәліметінше, Қазақстан территориясының 75%-ында табиғи дүлей апаттар қаупі жоғары. Оның ішінде аса ауырына жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, көшкін, сел, эпидемия, төтенше ыстық температура және орман өрттері жатады.

Ең үлкен қауіп – зілзаладан: ресми дерек бойынша 2018-2021 жылдар аралығында болған 68 569 табиғи апаттың 60 858-і жер сілкінісі және олар төтенше жағдайдың жариялануына себеп болған.

Қазақстандағы жер тербелісі қаупінің жоғары болуы елдің жерасты геологиялық құрылымына және әсіресе, Тянь-Шань аймағында түйісетін Еуразиялық және Үнді плиталарының белсенді болуына байланысты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сәйкес:

  • Республикада 2 мегаполис пен 6 облыс су тасқынына бейім.
  • 2 мегаполис пен 13 облыс сейсмикалық құбылыстарға бейім.
  • 5 өңір ғана апаттар қаупі төмендеу аймақтарда орналасқан: бұлар – Астана, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. 

ТЖМ мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 12 516 ТЖ, табиғи және техногендік сипаттағы оқиға тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға аз (алдыңғы жылы 12 883 болған).

Былтыр 1 786 адам зардап шекті. 2023 жылы 8,1%-ға көп болған (1 944). Соның ішінде 688 адам қайтыс болды (2023 жылы құрбандар саны 10,2% көп болды – 744 адам).

Келген материалдық шығын 459 698 млн теңгені құрады (2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе артық – 172 911 млн теңге).

ТЖ жалпы санында табиғи сипаттағы төтенше оқиғалар 7,6%-ды құрайды: 946 жағдай тіркелді. 2023 жылмен салыстырғанда 40,4%-ға аз (1 588).

Бұл ретте 616 адам зардап шекті (2023 жылы 16,3% көп болған – 854), Соның ішінде 216 адам қайтыс болды. 2023 жылы құрбандар саны 16,3% көп болды (258). Материалдық шығын 435 362 млн теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп (166 921 млн теңге болған).

Ал, табиғи өрттерге 34,1% үлес тиесілі: 2024 жылы – 323, 2023 жылы – 862. Орман-дала өрттерінен былтыр 7 адам зардап шекті (2023 жылы – 27). Зардап шегушілер саны 74,1%-ға азайды. Өткен жылы 1 адам тілсіз жаудан қаза тапты. 2023 жылы жалын тілі – 14 адамның өмірін жалмағаны белгілі.  

Алдын ала ресми бағалаулар бойынша 2024 жылы Қазақстандағы су тасқынынан келтірілген залал 53 миллиард теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу