Қазақстан ядролық инфрақұрылым бойынша алдыңғы миссия ұсынымдарын орындауда прогресске қол жеткізді

511

INIR Астанадағы төрт күндік миссиясын аяқтады.

Қазақстан ядролық инфрақұрылым бойынша алдыңғы миссия ұсынымдарын орындауда прогресске қол жеткізді Фото: Энергетика министрлігі

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) сарапшыларының тобының сөзінше, Қазақстан ядролық инфрақұрылымды шолу жөніндегі алдыңғы миссиясының ұсынымдарын орындауда прогресске қол жеткізді.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолуды (INIR – Integrated Nuclear Infrastructure Review) кейіннен бағалау жөніндегі команда 2023 жылғы 28-31 наурыз аралығында Қазақстанда өткен төрт күндік миссиясын аяқтады. Миссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің өтініші бойынша Астанада өтті. Онда 2016 жылы өткізілген INIR миссиясының ұсыныстары мен ұсынымдарын орындау бойынша елдің жетістіктері бағаланды. Сонымен қатар Миссия кейінгі әрекеттер бойынша ақпарат алмасуға және шешілмеген мәселелерді нақтылауға мүмкіндік берді.

"INIR миссиясы 2016 жылы Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуда ілгерілеуге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарын берді. Мұнда АЭХА-ның "Негізгі кезеңдер" тәсілінің бірінші кезеңінің өлшемшарттарын пайдалана отырып, ядролық инфрақұрылымды дамыту жай-күйіне шолу жүргізілді, онда дамудың үш кезеңі (қарастыру, дайындық, құрылыс) бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдар қамтылған. Бірінші кезеңде елдің ядролық энергетикалық бағдарламаға қатысты негізделген міндеттемелерді алуына дайындығы бағаланады. INIR миссиясының командасы 2016 жылғы шолуда қамтылған ұсынымдар мен ұсыныстарды орындауда Қазақстан прогреске қол жеткізгенін атап өтті", - делінген хабарламада.

INIR миссиясының командасы ядролық энергетикалық бағдарламаны үйлестіру, атом электр станциясын қаржыландыруды түсіну, аварияға қарсы жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдарды Қазақстан толығымен орындағанын атап өтті.

Команда жан-жақты есепті аяқтауға, атом энергетикасы инфрақұрылымына қажетті қаржыландыруды бағалауға, реттеуші органды және меншік иесін/операторды одан әрі дамытуды жоспарлауға және өнеркәсіпті тарту саясатын әзірлеуге байланысты қосымша жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.

"Қазақстан INIR миссиясының 2016 жылы жасаған ұсыныстар мен ұсынымдарды орындауда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Осы күш-жігердің барлығы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық энергетикалық бағдарламаны іске асыра бастау туралы шешім қабылдауда одан әрі қолдау көрсетеді", - деді INIR миссиясы командасының басшысы – АЭХА Ядролық инфрақұрылымды дамыту секциясының ядролық инженері Мехмет Джейхан.

"Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудағы АЭХА рөлін жоғары бағалайды және біздің ядролық энергетикалық бағдарламамыздың қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттары мен озық халықаралық тәжірибелерге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. INIR миссиясын қабылдай отырып, Қазақстан өзінің ядролық инфрақұрылымының дайындығына объективті кәсіби баға алуға мүдделілігін көрсетті. INIR миссиясы біз үшін Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға қажетті инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсартуды және қамтамасыз етуді талап ететін салалар мен бағыттарды айқындау үшін құнды құрал", - деді ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу