Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова онлайн брифингте әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін ұлғайтуға қатысты мораторий туралы да жан-жақты айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бүгінгі таңда елімізде 325 мыңнан астам еңбекке қабілетті жастағы, табысы жоқ әйелдер бар. Тиісінше, олар мемлекеттен алатын ең төменгі базалық зейнетақыға ғана сене алады, бүгінде ол 20 мың теңгеден сәл-ақ асады, 2023 жылдан бастап ол 24 мың теңге болады.
Біздің міндетіміз – осы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барынша қамту. "Күміс жас" жобасына қатысушылардың шекті жасы төмендетілді, енді жобаға 50 жастан асқан әйелдер де қатыса алады. Жалақы мемлекет тарапынан субсидияланып, кем дегенде 100 мың теңгені құрайтын болады. Бұл әйелдерге еңбек өтілін, аударымдарды алуға және зейнетақы жинақтарын толықтыруға мүмкіндік береді. Жобаға қатысқан жағдайда көрсетілген 5 жыл ішінде әйел 70 мың теңге көлемінде зейнетақыға үміт арта алады", – деді Министр.
Ол 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңмен арттыру зейнетақының өсуіне ықпал ететінін айтты. Бұл ретте жылдық өсім шамамен 13%-ды құрап, барлық 2,2 миллион зейнеткерге әсер етеді. Сонымен қатар ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді.
Жалпы жаңа шаралар кешені 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шараларды жүзеге асыруға бюджеттен 1,3 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Жұмыс берушілерден қызметкердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары есебінен шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу де зейнетақы мөлшерін арттыруға ықпал етеді. Бұл норма 2024 жылдың қаңтарынан бастап 5 жылға кезең-кезеңімен енгізіледі. Мұның бәрі әзірленуі аяқталған Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған.