Қазақстанда 510 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді

444

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысында айтты. 

Қазақстанда 510 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді Фото: gov.kz

Елімізде жалпы 1478 тірек гидротехникалық құрылыстары бар, деп жазады inbusiness.kz.

"Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика аумағында 1478 тірек гидротехникалық құрылыстары бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамбы, 485 бөгет, 119 су торабы, 313 тоған. Республикалық меншікте – 333, коммуналдық меншікте – 895, жеке меншікте – 228, иесіз 22 нысан бар. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 510 гидротехникалық құрылыс жөндеуді талап ететіні анықталды", - деді Зүлфия Сүлейменова.

Ведомство басшысының сөзінше, келесі жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында бассейндік инспекциялар вегетациялық кезеңнен кейін ГТҚ қауіпсіз пайдалану мақсатында комиссиялық тексеру ұйымдастыратын болады.

"Республикалық баланстағы 206 гидротехникалық құрылыс үшін көп факторлы зерттеу жүргізу және бөгеттердің қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қажет. Биыл республикалық бюджеттен 13 объектіде көп факторлы зерттеу жүргізу және 15 нысанда бөгеттердің қауіпсіздік декларациясын жасау мақсатында 652,7 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 2024-2026 жылдардың бюджетін қалыптастыру кезеңінде аталған жұмыстарды 31 ГТҚ жүргізу мақсатында 1 млрд 524,3 млн теңге сұраным енгізілді", - деді министр.

Министрдің мәліметінше, "Қазсушар" РМК теңгеріміндегі 206 гидротехникалық құрылыстың 102-сі су тасқыны қаупі бар нысан қатарына жатқызылды. Су басу аймағындағы 102 объект 296 елдімекенге жақын орналасқан. Бұл өңірлерде 2 547 649 адам тұрады.

"Су тораптары мен су қабылдағыштардың жағдайы қанағаттанарлық. Су басу қаупін жою мақсатында министрлік жөндеуді қажет ететін 41 гидротехникалық құрылысты қайта жаңартуды жүргізуде", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу