Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев үкімет отырысында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын Қазақстан Республикасының халық саны 250 адамнан асатын елдімекендердің Интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету бөлігінде іске асыру туралы" баяндамасында Қазақстанда 5G жаңа технологиясының енгізілуі мен ауылдағы ғаламтор желісінің енгізілуі жайлы айтты.
"Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Осы орайда, Жол картасы бекітілді. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді. Сынақ нәтижесінде технологияның Интернет заттарын, телемедицина, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және "ақылды" қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретіні анықталды. 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі үлкен болғандықтан, 1-кезеңде бұл технологияны енгізу республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласыда ұйымдастыру жоспарлануда. Осылай 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі",– деді Асқар Жұмағалиев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сондай-ақ, ауылдық жерлер толықтай интернет желісімен қамтылатындығын да мәлімдеді.
"Жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97%-ы кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3%-тіне спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Интернет желісіне қолжетімділікті ауылдық жерлерде арттыру, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бойынша электрондық денсаулық сақтау, электрондық қызмет көрсету, және басқа жобаларды іске асыру үшін негіз болады. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қасқартуға ықпал етеді. Халқымызға цифрлық технологияларды қолдануға толықтай мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасы экономикасын дамытуға өз ықпалын тигізетінін болады",– деді министр.
Нұржан Көшкін