Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін

742

Бұл туралы Өзбекстанда өтіп жатқан "Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару" халықаралық конференциясы барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты.

Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін

Еңбекті цифрландыру процестерін жетілдіруді және олардың әлемдік экономикадағы рөлін талқылауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның орталық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

"Еңбек нарығының цифрлық технологиялары: қарапайым бизнес-процестер және еңбек қатынастарының трансформациясы" панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Ақмәди Сарбасов технологиялардың қарқынды дамуы, демографиялық өзгерістер мен пандемия еңбек нарығына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

"Бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, роботтандыру біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Нәтижесінде еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болады. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін, ал 95 кәсіп трансформациялануда. Бұл ретте елдегі жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандырудың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Әрбір 2-қызметкер қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болады. Жаңа дағдыларды меңгеру - табысты қызметтің кілті. Сондықтан кадрларды жылдам әрі икемді даярлау үшін жағдай жасау маңызды", – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол жақын арада жұмыс күшінің сапалы құрылымының өзгеруі және еңбекке қабілетті жастар ағынының артуы мүмкін екенін, бұл еңбек нарығына қосымша жүктеме әкелетінін айтты.

"2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 37%-ы "Z" буыны болады. Ал ұрпақтардың ауысуы жастардың еңбек қызметіне деген көзқарастарының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл икемді жұмыс кестесі үшін қаржылық жеңілдіктерге баруға дайын ұрпақ, олар үшін кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сондықтан жұмыс берушілерге таланттарды сақтап қалу үшін жаңа талаптарға бейімделу маңызды болады", – деп атап өтті ол.

Ақмәди Сарбасов сондай-ақ жұмыспен қамтудың стандартты емес түрлерінің көбеюі байқалғанын атап өтті – 10 жыл ішінде әлемде цифрлық еңбек платформаларының саны 5 есе өсті. Платформалық жұмыспен қамту көптеген адам үшін ақша табудың және кәсіби дамудың нақты әдісіне айналуда.

"Жаһандық компаниялардың 40%-ы өз жұмысында фрилансерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда, біздің бағалауымыз бойынша, бүгінде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді", – деді Ақмәди Сарбасов.

Бұдан әрі ол аталған сын-тегеуріндерді ескере отырып қалыптастырылған бірқатар жаңа стратегиялық бастамаларды ұсынды. Олар нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және халықтың табысын 2025 жылға қарай 27%-ға арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге көмектесуге тиіс. Жалпы бастамалар 4 бағытты іске асыруға бағытталған:

– оқыту және қайта даярлау арқылы жұмыс күшінің сапасын арттыру;

– заңнамалық реттеу арқылы еңбек нарығын ырықтандыру және жұмыстың икемді түрлерімен қамтылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету;

– халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту;

– еңбек нарығының цифрлық экожүйесін құру арқылы қызметтерді ауқымды цифрландыру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу