Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің Қаржы ұйымдарын әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев "Банктер және банк қызметі туралы" жаңа заң жобасын талқылағанда айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, базалық лицензия аясында банктер активтерінің шекті мөлшері 500 млрд теңге болады. Оның үстіне бұл шекті межеге жеткен соң банк белгілі бір уақыт ішінде әмбебап лицензия алуға міндетті болады.
Сондай-ақ базалық лицензиясы бар банктерге мынадай шектеулер қойылады:
- резидент еместерге несиелік өнімдерді ұсынуға;
- банкпен ерекше қатынасы бар тұлғаларға несие беруге;
- күрделі қаржы құралдары арқылы операция жасауға;
- шетелде филиал мен еншілес ұйым ашуға;
- Базалық лицензиясы бар банктер үшін жеке тұлғалардың мерзімді және жинақ салымдарының жалпы сомасына лимит енгізіледі.
Базалық лицензиясы бар банктер үшін ең төменгі жарғылық капиталға (әмбебап лицензия үшін 20 млрд орнына, базалық лицензия үшін 10 млрд теңге) және пруденциалдық нормативтерге қойылатын талаптар төмендейді. Сонымен қатар, мұндай банктерге қатысты қадағалау процедуралары, есеп беру және банктің тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар қысқартылатын болады.
Базалық банк лицензиясын әлеуетті микроқаржы ұйымдары алуы мүмкін, олар бизнесін кеңейтіп, халық пен бизнестен депозит тартқысы келетіні анық.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы 12 МҚҰ-ның капиталы 10 млрд теңгеден асады (базалық лицензия алуға жеткілікті). Ал 2 ұйым банкке айналдыруға рұқсат алыр қойды: KMF және BNK Finance Kazakhstan.