Қазақстанда электрондық сауда нарығы 2022 жылы 2 трлн теңгеге жетті

623

Ал бөлшек сауданың жалпы айналымынан электрондық сауданың үлесі 12,5% құрады.

Қазақстанда электрондық сауда нарығы 2022 жылы 2 трлн теңгеге жетті Фото: ortcom.kz

Бұл туралы сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев Астана Халықаралық форумы аясында өткен панельдік сессия барысында мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Ready4Trade-Central Asia" жобасы шеңберінде импорттау, экспорттау және транзит рәсімдерін егжей-тегжейлі сипаттайтын сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Қазақстанның сауда порталы сияқты микро, шағын және орта кәсіпорындар үшін пайдалы құралдар енгізілді, сондай-ақ 2023 жылғы мамырда "Central Asia Gateway" өңірлік сауда порталы іске қосылды", – деп атап өтті Қайрат Балықбаев.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі BTS Education, Mastercard-пен бірлесіп "Электрондық коммерция мектебі" жобасы аясында 2000-нан астам ШОБ субъектілерін оқытты. Сонымен қатар бизнеспен бірлесіп, 2025 жылға дейін Ұлттық электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді.

Биыл мамыр айында Сиан қаласында JD.com электрондық алаңында Қазақстанның ұлттық павильонының ашылу салтанаты өтті. Қайрат Балықбаев елімізде Alibaba.com халықаралық сауда платформасында ұлттық павильон ашудың табысты тәжірибесі бар екенін атап өтті. Бүгінгі таңда осы сауда алаңында 7500-ден астам қазақстандық тауар орналастырылған.

Қазақстан электрондық коммерция саласындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бұған электрондық коммерция жөніндегі жұмыс бағдарламасына және Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) электрондық коммерция жөніндегі бірлескен өтініш бастамасына қатысу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде электрондық коммерция нарығын дамыту жөніндегі келіссөздер кіреді. Бұдан басқа, Қазақстан ЭСКАТО шеңберінде Азия-Тынық мұхиты аймағында трансшекаралық қағазсыз сауда рәсімдерін оңайлату туралы негіздемелік келісімге қосылады.

Жалпы алғанда, электрондық коммерция нарығын жемісті және дәйекті дамыту үшін Қазақстан алдағы жылдары электрондық коммерция арналары арқылы отандық тауар өндірушілердің экспорттық сату көлемі және белсенді онлайн-сатып алушылар саны сияқты негізгі индикаторлар бойынша көрсеткіштерді жақсартуды мақсат етіп отыр.

"Біз электрондық коммерция тауарларын курьерлік жеткізудің орташа уақыт көрсеткіштерін жақсартамыз, сондай-ақ елдегі фулфилмент орталықтарының санын арттыратын боламыз", – деп қорытындылады сауда және интеграция вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу