Елімізде МӘМС жүйесін жаңғырту жоспарлануда

322

МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері үш жыл ішінде қаржыландыру 2,5 есеге ұлғайтылды. 

Елімізде МӘМС жүйесін жаңғырту жоспарлануда Фото: ДСМ

Мемлекет 11,5 миллион азаматқа жарна төлейді. Бұл ретте халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне шағымдарының ағымы азаймайды. Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде журналистермен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесін не күтіп тұрғаны жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, жүйені жаңғырту қажет.

"Мен қызметке кіріскеннен кейін біз талдау жасай бастадық. Біріншісі –Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық функцияларын қорға беруге бағытталған институционалдық бұрмалану. Жергілікті атқарушы органдар медициналық көмек көлемін жоспарлауға қатыспайды. Қор бүгінде нақты жоспарсыз және болжамсыз жұмысты тек бөлінген қаржыландыру шеңберінде жүргізеді. Екіншісі – медициналық қызметтердің клиникалық және экономикалық тиімділігін анықтамай, олардың жалпы көлемін арттыру. Жүйеге бөлінген қаражаттың бір бөлігі тиімсіз жұмсалды", – деп есептейді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Тағы бір себеп: екі пакеттің арасында нақты шекара жоқ – кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру. Бұл бағытта қазір жұмыс жүріп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық қажетсіз және тиімсіз шығындарды өзектендіру және оңтайландыруды көздеп отыр.

Балаларды вакцинациялау туралы да сұрақ қойылды. Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі функцияларының бірі вакцинамен басқарылатын инфекциялармен күресу екенін еске салды.

"Көптеген ата-аналар балаларды вакцинациялаудан бас тартады. Кінәнің бір бөлігі ақпараттық жұмыстың жеткіліксіздігіне байланысты медицина қызметкерлеріне де жүктеледі. Ел бойынша иммундауды жоспарлау механизмі де жеткілікті түрде құрылмаған. Біз бүгінде, әсіресе шалғай ауылдарда анықталып жатқан барлық олқылықтарды көріп отырмыз", – деді министр. - 10 жыл ішінде вакцина ДДҰ сертификаты бар елдерде ғана, ең жоғары тиімділігі мен жанама әсерлері ең төмен екені дәлелденген өндірушілерден сатып алынатынын атап өткім келеді. Өткен жылы вакцинациядан кейінгі күрделі немесе топтық әсерлер тіркелген жоқ.

Сондай-ақ, министр еліміздің барлық білім беру ұйымдарында медициналық пункттер тексерілетінін айтты. Бұл тапсырма Қарағанды прокурорлары мектептердегі медициналық пункттерде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен медициналық препараттар анықталғаны туралы тексеру нәтижелерін жариялағаннан кейін берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу