Өткен жылы Қазақстанның қаржы секторының дамуына "Бөлшек және бизнесті несиелендіру" бағдарламалары елеулі үлес қосты. Еліміздегі Бірінші несие бюросының сарапшылары осындай қорытынды жасап отыр, деп жазады 24Хабар.
Мысалы былтыр 500 мыңнан астам адам несие алған. "Тұрғындар көп жағдайда банк өнімдерінің ішінде кепілдіксіз қарызды таңдайды", – дейді мамандар.
Өткен жылы банктер кепілсіз несиеге 235 миллиард теңге берген. Сарапшылар 2016 жылы несие картасына деген сұраныстың да артқанын айтады. Қазіргі таңда 83 мыңнан астам қазақстандық "пластикалық әмиянды" қолданады. Бизнесті несиелендіру секторы да мешін жылын жақсы қорытындылаған. 2016 жылы кәсіпкерлерге берілген несие бір триллион 300 миллиард теңгеге өскен. Яғни, қазіргі таңда заңды тұлғалардың банктерден алған қарыз ақшасы 15 триллион 400 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшылар есесіне автонесиелендіру саласының бәсеңдегенін айтады. Қарызға көлік алғысы келетіндердің саны 15%-ға қысқарған. Ипотекалық және кепілдікпен қамтамасыз етілген несиелердің де қарқыны басылған. "2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы ипотекалық несиенің көлемі 128 миллиардқа, ал кепілдікпен қамтамасыз етілген несиенің көлемі 70 миллиард теңгеге азайды", – дейді сарапшылар.
"Банк саласындағы ықтимал бірігулер мен кейбір сүбелі банктердің стратегияларының өзгеруін ескерсек, 2017 жылы несие қоржыны қарқынды ұлғаяды деп айту қиын. Бірақ кепілдіксіз тұтынушылық несиеге сұраныс бұрынғысынша жоғары болады. Сондай-ақ несие карталарымен айналысатын банктер арасында клиент үшін бәсеке қыза түседі", – деді Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров.