Қазақстанда шағын пәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа түрі пайда болады

378

Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.  

Қазақстанда шағын пәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа түрі пайда болады Фото: ortcom.kz

Парламент Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.

Тұтастай алғанда, аталған заң көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың тетігін жақсартып, ашықтықты қамтамасыз етуге және осы процеске жылжымайтын мүлік иелерін белсенді тартуға бағытталған.

Мәселен, осы реформада қарапайым серіктестік (ҚС) құру үшін пәтер санын 30-ға дейін шектеуді ұсыну жолдары қарастырылған. Бұл амал ҚС заңды тұлғаға жатпайтындықтан және басқарудың аталған түрі бойынша ағымдағы әрі жинақ шоттарын ашуда қиындықтар туындап отырғандықтан қолға алынды.

Сонымен қатар заңда кондоминиум нысанын басқарудың жаңа түрін құруға мүмкіндік берілген. Айта кетейік, пәтер саны 16-дан аспайтын шағын пәтерлі тұрғын үй иелеріне бірлесіп басқару жолдары пысықталған.

Бұған қоса, енгізілген өзгеріске сәйкес, тұрғындар басқарудың қандай да бір түрін таңдауда ортақ келісімге келе алмаған жағдайда тұрғын үй инспекциясына бір жыл мерзімге дейін уақытша басқарушы компанияны белгілеуге рұқсат беру жөніндегі норма қарастырылған.

Одан басқа кез келген тұрғын үйде кондоминиум объектісін басқарудың жаңа түрі құрылғанға дейін құрылысты жүргізіп жатқан мердігер 6 ай мерзімге дейін уақытша басқарушы компанияны тарта алады. Осы арқылы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және тиісті күтімсіз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар норма енгізіледі.

Бұдан бөлек, қабылданған заңда қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу үшін кворумды меншік иелерінің жалпы санының 2/3-не дейін азайту ұсынылған. Сондай-ақ жазбаша сауалнаманы жүргізу 1 айдан 2 айға дейін артпақ.

Сонымен бірге жоғарыдағы заң бойынша жеке меншіктегі (бөлек) мүліктің дербес түрлері ретінде тұрақ орны мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылған.

ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай-ақ ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу