Қазақстанда заңдардың түпнұсқасын қазақ тілінде жазу міндеттелмек

247

Қазақстанда келер жылдан заңдар қазақ тілінде жазыла бастайды.

Қазақстанда заңдардың түпнұсқасын қазақ тілінде жазу міндеттелмек Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы бүгін Әділет министрі бастаған жиында айтылды. Парламентаризм институты ұйымдастырған бас қосуда елдегі заң шығару процесін жетілдіру сөз болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан тілге қатысты мәселе нақты қашан қолға алынады? Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері төл тілімізде тек екі заң ғана жазылыпты. Олар Әкім Ысқақ пен Фариза Оңғарсынованың бастамасымен жүзеге асқан  "Көші-қон" және "Бала құқықтары жөніндегі" заңдар. Енді Әділет министрлігі келер жылдан бастап заңдар қазақша жазыла бастайды дейді. Әзірге нақты жоспар жоқ.

"Заңның түпнұсқасы дейді ғой. Қазақ тіліне аудару процесінде түпнұсқасындағы мағынасы өзгеріп кетіп жатыр. Осы мәселенің алдын алу шаралары, оны жетілдіру керек", - дейді Парламентаризм институтының бас маманы Сәуле Нұржан.

Алайда, жетімнің кебін киген тілге қатысты бұл мәселенің айтылып келе жатқанына біраз болды. Көтеріледі, талқыланады, бірақ кейін жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Оны бүгінгі жиналғандардың өзі де мойындап отыр. Өйткені талап жоқ. Ерік берілген. Ал заң бойынша құжатты субъект қалаған тілінде жазады.

"Біз 2020 жылдың өзінде заң мәтіндерін мемлекеттік тілде әзірлеу лингвистикалық мәселелерді қамтамасыз етуге қатысты дөңгелек үстел өткізгенбіз. Соның төңірегінде үлкен әдемі кітапша шығарып бәріне таратқанбыз. 16 тармақшадан тұратын ұсыныс енгіздік. Бірде біреу қазір назарға ілінбей қалып отыр. Жақында ғана Иран менен Еуразиялық одақтың мүшелері арасындағы халықаралық шарттар туралы құжат келіп отыр. Соның ішінде 2460 қате бар. Көлемі кіп-кішкентай ғана құжат", - дейді ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков.

Жиналғандардың айтуынша, заң тілі тек қазақша ғана емес, орыс тілінде де түсініксіз. Сондықтан ең әуелі соны жеңілдету жолы қарастырылмақ. Өзге елдерде, тіпті, оңайлатылған тіл ұлттық заңнамасы бар екен. Ал бізде шала-жансар жазылған құжаттарды адам баласы ашып қарай алмайды. Сондықтан халықтық талқылауға салынатын құжаттарды азаматтар ашып та қарамайды. Былайша айтқанда, "Ашық үкімет" көпке "Түсініксіз үкіметке" айналып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу