Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандары ЭКҰ квоталары, мемлекеттік бағдарламалар және адам репродукциясы туралы айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған "Аңсаған Сәби" арнайы бағдарламасы бойынша мұндай квоталар көптеп бөлінуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Барлық Қазақстан бойынша жыл сайын 7 мың квота бөлінеді, олар аймақтарға сәйкес бөлінген. Қаламыз мегаполис екенін ескерсек, ең көп квота Алматыға, сондай-ақ Астана қаласына бөлінген", - дейді Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының ЭКҰ бөлімінің меңгерушісі Радха Арипова.
Спикердің айтуынша, Қазақстанда бар болғаны 30 ЭКҰ клиникасы болса, оның 19-ы МӘМС жүйесіне қатысады. Өткен жылы МӘМС аясында 210 бағдарлама, 2021 жылы 133 бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тек Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы ғана 125 ЭКҰ бағдарламасын алды.
"Бүгінгі күні 210 әйелде нәтиже белгілі. Оның ішінде 63 әйелде жүктілік анықталды. Тиімділік 30 пайызды құрады", - деп бөлісті Р. Арипова.
ЭКҰ бағдарламасына қатысатын пациенттердің жас санаты келесідей:
- - 29 жасқа дейін - 22%
- - 30-39 жас – 68%
- - 40+ жас – 10%
Бедеулік диагнозы қойылған және бір жыл бойы емделген, сондай-ақ оларда жатыр түтіктерінің абсолютті бітелуі, созылмалы инфекциялар немесе жатыр түтіктерін алу операциялары сияқты белгілері бар ерлі-зайыптылар ЭКҰ жасауға құқылы. Сонымен қатар, андрологтар көрсеткендей, ерлер факторымен байланысты проблемалар болса ЭКҰ процедурасын жасата алады.. Эндокриндік факторлары бар және артық салмақ салдарынан овуляция болмаған әйелдер ЭКҰ-ға құқылы. ЭКҰ көрсеткіштерінің тізімінде пайда болуы белгісіз бедеулік те бар.