Қазақстандағы теңдессіз алма бағы биыл алғашқы өнімін береді

Бүгінде тамшылатып суару әдісімен өсіріп жатыр.

Қазақстандағы теңдессіз алма бағы биыл алғашқы өнімін береді Фото: Динар Рахман

140 мың түп алма көшеті егілген алып алма бағы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында орналасқан. Жобаның құны – 1,6 миллиард теңге. Болашақта бұл жерден алма шырыны шығарылып, үлкен жеміс-жидек сақтайтын қойма да салынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Qaratau Fruits" шаруа қожалығының төрағасы Мұхаммедәлі Омаров 2023 жылы көлемі 30 гектарды құрайтын жерге қарқынды алма бағын орналастырған. Әуелгіде Түркия елінен 75 000 түп жеміс ағашының көшеті алынған. Шаруа қожалығы 2024 жылы тағы 50 гектар алқапқа 65 000 түп алма көшетін егіп, осы күні тамшылатып суару әдісімен өсіруде.

- Көшеттерді өткен жылдың наурыз айында екенбіз. Негізі жемісін 3 жылда беруі керек болатын. Әдепкіде гүлдерін жұлып тастадық. Көшеттер Түркия елінен келді. Алғашқыда жаңадан егілгендіктен "жаздың, қыстың шілдесінен қалай өтеді?" деп уайымдадық. Өйткені, көшет үшін күн райы да, топырақ та, адамдар да бөлек болды. Бірінші алма бақта 75 мың көшет бар. Жеміс ағашының күтімі үшін жан-жақты ізденіс жүргіздік. Бүгінде тамшылатып суару әдісімен өсіріп жатырмыз. Алма бағында тұрақты түрде 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс көп кезде 30-40 адам уақытша жұмысқа шақырылады. Биылғы жылдың өнімі 100-150 тонна арасында болады деп жоспарлап отырмыз. Алманы Алматы қаласынан сұратып жатқандар бар. Болашақта 2000 тоннаға дейін өнім аламыз деп ойлаймыз, - дейді "Qaratau Fruits" шаруа қожалығының кеңесшісі Алмас Нәлібаев.

Шаруа қожалығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойынан 2024-2025 жылдары 3 400 тонна жеміс-жидек, 1 600 тонна көкөніс, жалпы 5 000 тонна дайын өнім сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр.

- Бүгінгі күні тағы қосымша 50 гектарға алма көшеттерін отырғыздық. Алдағы уақытта Батыс Еуропа – Батыс Қытай күрежолының бойынан өнім сақтайтын қойма салғымыз келеді. Сол үшін жер әкімдіктен жер сұрадық. Болашақта алманың белгілі бір бөлігін сол қоймада сақтасақ, арнайы алма салатын жәшік жасасақ және алма шырынын шығарсақ деген жоспар бар, - дейді шаруашылық кеңесшісі.

Алма бағына су жеткізу мақсатында насос қондырғылары, оған қажет 250 кВтрансформаторлар орнатылып, 6,5 шақырымға электр желісі тартылған. Сондай-ақ, тереңдігі 60 метр және 30 метр 2 скважина қазылып, сағатына 50 куб су өлшемі – 100х100, тереңдігі 4,5 метр биомембранамен жабдықталған бассейінге толтырылып, алма ағаштарға тамшылату арқылы беріледі.

- Қарқынды алма бақтың бір ерекшелігі түбі 50 сантиметр ғана болады. Төбесі тор жабындымен жабылады, 4-5 жерден жіпке байланады. Күнделікті суарылады. Зиянкестермен жұмыста түркиялық мамандардың кеңесіне сүйенеміз. Өйткені, біз олармен 3 жылға келісімшартқа отырғанбыз.

Мысалы, дәстүрлі алма көшеттерінің 70 пайызы өссе, қарқынды алма бақтың 90 пайызы жеміс беруі керек. Себебі, мұнда оған ерекше күтім жасалады. Көшеттердің төбесіне толық тор тартылған, ол үшін 10 мың қада қағылды. Жабынды жемістерді күннен, желден, табиғи апттардан қорғайды. Сол арқылы шығымы да жақсарады. Тор Италиядан, сым Ресейден, құбырлар Израилден әкелінді, - дейді алма бағының ұйымдастырушы Үмбет Әбибуллаев.

Жобаның жалпы жылдық қуаттылығы 1500-2500 тонна болса, алма бақ жобасының құны – 1,6 миллиард теңге.

- Алма бағы ашылған күннен бастап осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Осы көшеттерді ектік, қазіргі күні шөбін тазалаймыз, жас ағашты құлап қалмауы үшін сымға байлаймыз. Бір қатарда 184 көшет бар. Көшеттің жабайы дегенін уақытында қырқамыз. Жалпы алғанда, осы жеміс ағашының бабын жасаймыз, - дейді жұмысшылардың бірі.

Еліміздегі теңдессіз жоба саналған алма бақ биыл өзінің алғашқы өнімін береді. Мамандардың айтуынша, алма тамыз және қыркүйек айларында толық піседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу