Шекара асқандардың үштен бір бөлігі жоғары білімі барлар, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Қазақстандықтар әсіресе Ресей, Германия, АҚШ, Канада, Польша мен Түркия және Біраккен Араб Әмірліктерінде өмір сүруге құмартады екен. Экономистер мұның алдын алмаса ел болашағына қауіп төніп тұр деп дабыл қағады. Қазақстандықтардың көптеп кетіп жатқанына себеп те жоқ емес. Өкінішке қарай, көп жағдайда жерлестеріміз жайлы өмірді өзімізде емес, жат елде тауып жатқанын айтады.
26 жастағы Абзал Білісбай Венгрияға 1 жыл бұрын қоныс аударыпты. Қазір Гед қаласындағы Самсунг компаниясының операторы. Жас жігіт Қазақстанда жүріп жылдап жиған теңгемді шетелде 2-3 айда табамын, дейді. Елге оралу ойында бар. Бірақ жақын арада емес.
"Бұл жақта бұның бәрі жіті жұмыс берушіге жүктелген. Мен бұл жаққа келгелі кредит дегенді, қарыз дегенді ұмытып кеттім. Біздің елмен салыстыратын болсақ, біздің елде өздерің білетіндей көп жерде ақша беріп кіреді жұмысқа және бастықтармен бәрі қарым-қатынасы жақсы болғанын қалайды. Ал бұл жақта ондай атымен жоқ. Бұл жақта өйткені ақша ұсынудың өзі кішкене біртүрлі көрінеді",- дейді Абзал Білісбай.
Бүгінде Абзал секілді әрбір бесінші отандасымыз сыртта жүр. Айлықтың аздығын айтпағанда, баспананың болмауы мен халықаралық жағдайдың жасалмауы осыған әкеліп соғады. Бұл бірінші себеп. Ал екінші мәселе жас мамандарымыздың 4 жыл оқып алған дипломы бір жапырақ қағазға айналады. Жас түлектер жаппай бір салаға түскендіктен сұраныс аз, ал бәсекелестік тым жоғары.
"Қаржы және сақтандыру саласында мамандар қазір тым көп болып саналады біздің еңбек нарығында. Екінші орында электрмен жабдықтау. Үшінші орында өнер және ойын-сауық, демалыс жағындағы мамандықтар бізде ең көп болып табылады", - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Ұлжан Қали.
Экономистер мемлекетіміз мамандарын елде алып қала алмай жатқанына қынжылады. Оған қоса біздің министрліктер шекарадан шыққан білімгерлерден басқасының, қайда, не істеп, қалай күнелтіп жүргенінен мүлде бейхабар. Сол себепті көрші қырғыз, Өзбекстан елдерінен үйренеріміз көп, деп отыр.
"Егер де ол 6 айдың көлемінде өзінің экономикасына қаржы аудармайтын болса, онда оларды шектеп еліне қайтарып алады. Яғни олар кеткен иммигранттардың өзінен табыс тауып отыр. Міне осындай ғана қарапайым шектеулерді енгізетін болса немесе сол жаққа барған мамандар тәжірибесін алып, жоғары білікті маман болып келгеннен кейін сондай жалақы, сондай әлеуметтік жағдайды біздің қазақстандық кәсіпорындар ұсынамыз деген сияқты шарттар болатын болса онда керісінше бізге тиімді болады", - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр елімізден 12 398 адам кеткен. Тізімде көш бастап тұрған техникалық маман иелері. Олардың саны 4 мыңнан асады. Одан кейін есепші, аудитор секілді экономистер екен. Ал үштікті түйіндеп тұрған педагогтар. Бұл 1200-ден астам ұстазымыз шетелден жұмыс іздеді деген сөз.
2022 жылы елден кеткен мамандар:
- Техникалық 4175
- Экономикалық 1950
- Педагогикалық 1235
- Медициналық 668
- Заңгерлік 434
- Сәулеттік-құрылыстық 262
- Ауылшаруашылық 202
- Өзге мамандық 3472
"Келмей қалды дегенде оларға да ренжитін жөн жоқ сияқты менің пікірімше. Олай болатын себебі бізге келгеннен кейін сол алып келген біліміне сай нақты жұмыс таба алмайды. Бізде ондай мүмкіндік те жоқ мысалы. Айталық, IT мамандығын алайық, шетелде өте жақсы оқытады және оны бүге-шүгесіне дейін жеткізіп, тәлім-тәрбие береді. Ал сол білімді алып келген бала бұл жерге келгенде пайдалана алатын мүмкіндік жоқ. Солар қолданатын зауытымыз да жоқ. Фабрикамыз да жоқ. Және сол білімді одан әрі нығайтатын басқа салаларда да жұмыс жоқ негізгі", - дейді экономист Исатай Қамбаров.
Жалпы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 17 425 адам келіпті. Оның 7 мыңнан астамы қазақтар болса, қалғаны орыс, украин, беларусь, өзбек, грузин ұлттары екен.