Қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріліп жатқаны рас па?

Түбінде тексерілетіні рас, бірақ, ол нақты қашан басталады? 

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріліп жатқаны рас па? Фото: Inbusiness.kz

Осы сұрақтарға Мемлекеттік кірістер комитеті мамандары жауап берді.

Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мобильді аударым жүйесін енгізгелі өміріміз біршама жеңілдегені рас. Осыдан оншақты жыл бұрын біреуге ақша жіберу үшін банк кассасына кезекке тұрушы едік. Қазір оның бәрі артта қалды. Енді қолма-қол ақшаның орнын "электронды" ақшалар басып келеді.

Бәрі цифрланғандықтан, ақшалай алыс-берістің бәрі дерлік онлайн атқарыла беретін болды. Аударымдар санында есеп жоқ. Қазір 6 жасар бала да қолындағы смартфонымен ақша аудара алады. Осы жүйе күнделікті өмірімізде үйреншікті әдетке айналып кеткені соншалық, кәсіпкерлер де бизнес салада еркін қолданып жүр.

Мемлекет адамдар арасындағы жәй аударым мен кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдардың аражігін ажырату үшін алдағы уақытта қазақстандықтардың мобильді аударымдарына жүйелі түрде мониторинг жүргізбек. Себебі, кәсіпкер салық төлеуден жалтармауы керек.

Сонымен, басты сұрақ – дәл қазір азаматтардың мобильді аударымдары тексеріліп жатыр ма?

Жауап – тексеріліп жатқан жоқ. Өткенде ғана еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент кулуарында осыған қатысты сұраққа жауап берді.

"Бұл 2025 жылға дейін жүйелі жұмыс болғандықтан қоғамды алаңдатпайық. Тексерулер болмайды, адамдар мен кәсіпкерлерге қысым болмайды. Мен сізге кепілдік беремін", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары –Қаржы министрі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша, қазақстандықтардың мобильді аударымдары кезең-кезеңімен бақылауға алынады. Мысалы, қазір 2022 жылдың қорытындысымен мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларына қатысты ақпарат екінші деңгейлі банктерден алынып жатыр.

"Бұндай бақылау келесі жылы бюджеттік мекемелер мен ұлттық компания қызметкерлеріне және олардың жұбайына қатысты жүргізіледі. 2023 жылдың қорытындысымен", – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева.

2025 жылы жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларына, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты осындай бақылау жүргізіледі.

"2024 жылдың қорытындысымен. Еліміздің қалған азаматтарына 2026 жылы бақылау жүргізіледі. 2025 жылдың қорытындысымен. Яғни, 2026 жылдың басында банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне осындай азаматтардың ЖСН нөмірлері көрсетілген тізімді жібереді", –деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Егер, 1 адамның картасына ай сайын 100-ден астам аударым жасалса және ол үш ай қатарынан қайталанса, онда ол азаматтан есеп сұралады. Бақылау жүргізудегі басты критерийдің бірі – осы. Қазір осы санатқа сай келетін азаматтардың деректері жиналып жатыр.

Ал, жеке тұлғалардың аударымдарына келсек, мысалы, студентке ата-ананың көмегі, жақындарына қаржылық көмек, туған күн, бата түрінде жіберілген басқа да аударымдарға салық салынбайды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу