Фукусиманы, Чернобыльді айтамыз, бірақ олардың ешқайсысы АЭС-тен бас тартқан жоқ – Елнұр Бейсенбаев

313

6 қазан күні АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтеді.

Фукусиманы, Чернобыльді айтамыз, бірақ олардың ешқайсысы АЭС-тен бас тартқан жоқ – Елнұр Бейсенбаев Фото: matritca.kz

Мәжіліс депутаттары елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты не ойлайтындарын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бірінші бір реактор болатын болса, ол 2,5-3 мың мегаваттқа дейін энергия береді, бұл тұрақты энергия. Кез келген инвестор Күннің, желдің, ГЭС-тің энергиясына келмейді. Ол "маған тұрақты энергия" керек деп айтады. Себебі зауыттың жұмысын тоқтата алмайды, ол бір өнім береді, белгіленген экспорттық келісімшарттар болады. АЭС деген жоғарғы технология, бұл үлкен масштабты жоба. Мемлекет басшысы 30 мемлекетте 200-ден астам АЭС бар, 450-ден астам реактор бар екенін айтты. Фукусиманы, Чернобыльді айтамыз. Бірақ ол мемлекеттердің ешқайсысы атом электр станциясынан бас тартқан жоқ, керісінше олар салып жатыр", - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Айтуынша, АЭС – заман талабы.

Әріптесі Еділ Жаңбыршин энергия көзі тек қана АЭС-пен шешілмейтінін жеткізді.

"Бұл тақырып (ред. – АЭС салу) кеңінен талқыланды, тек қана БАҚ-пен шектеліп қалмай, қоғам ортасында да көтерілді. Сондықтан оң немесе теріс шешім алдағы референдумда қабылданады. Сарапшылар әртүрлі балама көздерін ұсынып жатыр. Энергия көзі тек қана АЭС-пен шешіліп қоймайды. Оны басқа да энергия көздерімен де шешуге болады. Біз жалпы энергетика мәселесінде әр тараптағы мәселені ұстануымыз керек. Мысалы, көптеген ел сутегі энергиясына басымдық беріп жатыр. Өйткені одан шығатын радиация жоқ, басқа да зиянды парниктік газдар, азот тотығы, күкірт тотығы сияқты заттар болмайды. Мәселен, Германия сутегі энергетикасын дамытуды қолға алып жатыр", - деді халық қалаулысы.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев та осы мәселеге қатысты пікір білдірді. 

"Қазақта "шымшық сойса да, қасапшы сойсын" деген сөз бар. Бұл салаға қатысты сұрақтарға тиісті сала мамандары жауап берсе деген пікірдемін. Осы мәселеге қатысты сарапшылармен басқосулар өткіздім. Сонда Ақтау қаласында дәл осыған ұқсайтын жүйенің бар екенін, Алматының өзінде сынақтық кішкентай АЭС-тың шағын нұсқасы бар екені айтылды. Сондықтан да олар бұл қазақ даласында бірінші АЭС деп айтпаймыз деді. Бұл 1970 жылдардан бері келе жатқан дүние. Елімізде салынуы мүмкін екі реакторлы АЭС-тың өзі елдегі электр энергиясының 9 пайызын ғана жабады деген ақпарат айтылды. Сондықтан да бұл жүйе расымен де экологияға, ауа райына, адамдардың денсаулығына оң әсер ететін болса, ол салынуы керек. Бірақ бәріміз 6 қазанды күтеміз, себебі мұндай ауқымды шешімді тек Қазақстан Республикасының халқы ғана қабылдай алады", - деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу