Қазақстаннан қашқандар Бразилияны паналай алмайды

898

Екі ел қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім жасады.

Қазақстаннан қашқандар Бразилияны паналай алмайды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде "Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Екі ел арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт ҚР Президентінің Жарлығымен 2018 жылы 20 Маусымда Астанада жасалған еді. Шарт әрбір уағдаласушы мемлекеттің қылмыстық әрекет жасағаны үшін екінші тарап жауапқа тарту мақсатында өз аумағындағы кез келген адамды ұстап беруге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов шартты ратификациялау Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыспен күрестегі ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал ететінін айтты.

"Бүгінгі таңда Бразилиямен қылмыстық салада үш негізгі шарт жасалды. Қазір екі ел арасындағы байланыс жоғары деңгейде. 2013 жылдан бері сауда қатынасы 13%-ға өсті, ал 2016 жылдан бері визасыз режим енгізілген. Келісім іздеуде жүрген адамды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін шешеді. Егер адам Қазақстанда қылмыс жасап, Бразилияда жасырынып жүрсе, ол қамауға алынады және Қазақстанға жіберіледі. Дәл осылай, ол елдің азаматы Қазақстанда жасырынып жүрсе, Бразилияға экстрадициялаймыз", – деді Бас прокурорының орынбасары.

Марат Ахметжанов шартта қандай мәселелерді шешу көзделгенін толық түсіндірді.

"Бүгінгі күні Бразилияда жасырынып жүрген қазақстандық жоқ. Алайда, бұл шара осындай ықтималдықтың алдын алу үшін жасалған. Шартта екі елдің құзіретті органдарының ұстап беру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау мәселелері регламенттеледі. Құжатта ұстап беру шарттары, ұстап беруден бас тарту негіздері, өз азаматтарына қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолдану туралы, адамды үшінші мемлекетке ұстап беру шарттары, ұстап берілетін адамның құқықтарының кепілдіктері толық айқындалған. Сонымен қатар, күзетілген қамауда уақытша ұстау мен адамды экстрадициялау және уақытша кейінге қалдыру, ұстап берілген адамды транзиттеу шарттары белгіленген. Қос мемлекеттің экстрадиция мәселелеріне тікелей өзара іс-қимыл жасайтын құзыретті орган анықталды. Шығындар мен өзара есеп айырысу тәртібі мәселелері ескерілді", – деді.

Қазақстанның экстрадиция туралы 21 шарты бар. Марат Ахметжановтың айтуынша, жақында Аргентина, Перу, Доминикан, Кипр, Малайзия және Грециямен осындай келісімге қол қойылады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу