Қазақстанның АЭС салуға әлеуеті жетеді – Болат Ақшолақов

999

Энергетика министрі Болат Ақшолақов журналистерге берген брифингінде АЭС мәселесі жайында айтып, Қазақстанның артықшылықтарына тоқталды.

Қазақстанның АЭС салуға әлеуеті жетеді – Болат Ақшолақов

"Өндірілетін табиғи уран көлемі жөнінде әлемде бірінші орындамыз. Бізде ядролық отын компоненттері өндіріледі, уранды изотопты байыту бойынша қызметтерге қолжетімділік бар. Былтыр Үлбі металлургия зауытының (Өскемен – авт.) базасында Қытайдың атом электр станцияларына дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Ядролық отын белсенді шығарыла басталды", – деді ол.

Айтуынша, кадрлық әлеует пен тәжірибеге келетін болсақ, атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді. 

"Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3 200 кадр даярланды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бастап осы реакторларды біздің мамандар табысты пайдаланып келеді, ал ғылыми жұмыстардың нәтижелерін әлемдік қоғамдастық, соның ішінде АЭС жобалау кезінде қолданады. Қазақстан 1973 жылдан 1999 жылға дейінгі кезеңде БН-350 толыққанды өнеркәсіптік ядролық реакторын пайдаланғанын және оны пайдалану кезеңінде авариясыз жұмыс қамтамасыз етілгенін еске салғым келеді. Бұл – Қазақстанның құзыреті мен әлеуетінің дәлелі", – дейді Ақшолақов.

Оның айтуынша, өткен аптада Путин мен Тоқаев ресейлік жоғарғы оқу орындарында сала кадрларын даярлау жөнінде меморандумға қол қойған.

"Электр энергиясының алдағы тапшылығы, әлемдегі экологияға байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттігі, өндірістік қуаттардың тозуы, Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу неғұрлым перспективті шешім болып көрінеді", – дейді министр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу