Енді пошта бөлімшелеріне бармай-ақ сәлемдемелерді алуға немесе жіберуге, әуе және терміржол билеттерін сатып алуға, коммуналдық төлемдерді және салықтарды төлеуге болады. Кәсіпкерлер дүкендерінде, жанар-жағармай құю станцияларында және басқа да жерлерде Қазпоштаның қызметтерін көрсетіп, сонымен қатар өз тауарларын сата алады, деп хабарлайды компаниядан.
"Біз франчайзер-серіктестерімізге дайын бағдарламаны ұсынамыз, қызметкерлерін үйретіп, ұйымдастырушылық және маркетингтік, сондай-ақ көліктік-логистикалық сүйемелдеу жұмыстарын көрсетеміз. Мұндай серіктестіктің арқасында шағын және орта бизнестер табыс табуда, ал Қазпошта өз желісін кеңейтуде", - дейді "Қазпоштаның" коммерциялық департаментінің директоры Замира Жұмағұл.
Пошта операторы 2018 жылдың басында "Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу" жобасын бастаған болатын. Жобаның басты мақсаты – халқымызды қолжетімді жерден пошта қызметтерімен қамту.
Бүгінгі күні Қазақстанның барлық қалаларында Қазпоштаның 111 франчайзер-серіктестері жұмысын атқарады.
Айта кетсек, франчайзинг – белгілі бір компания келісімшарттық қатынас арқылы белгілі бір адамға, компанияға немесе ұйымға өзінің атауын, оның беделін, өнімдері мен қызметтерін, маркетингтік технологияларды, сараптаманы және қолдау механизмдерін пайдалану құқығын беретін бизнес-ұйым үлгісі.
Франчайзингтік түрде көрсетілетін пошта қызметтері Швейцарияда, Үндістанда, Австралияда, Канадада және басқа елдерде кеңінен тараған. Ең жарқын мысалдар - Ұлыбритания мен Германияның пошта бөлімшесі. Royal Mail -дың11 600 филиалы болса, оның 300-і ғана компанияға тиесілі, ал Deutsche Post-тың бір ғана пошта бөлімшесі бар, қалғандары классикалық франчайзинг моделі бойынша жұмыс істейді. Осы пошталардың тәжірибесін Қазпошта да өз жұмысында қолданды.