Келер жылы азық-түлік арзандай ма?

411

Қымбатшылық еліміздің 20 аймағының 12-сінде тіркелді.

Келер жылы азық-түлік арзандай ма? Фото: Inbusiness.kz

Соғымды аңсап жүргенде, құс етін алуға да тиын санайтын күйге жетіп қалатын күн жақын. Өйткені, елімізде тауық сирақтары қымбаттап барады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Құны 13 пайызға дейін шарықтап шыға келді. Өсімді тежеудің жолын ұсынған өндірушілер шұғыл түрде фермерлерді қолдау керектігін айтады. Оларға қандай көмек қажет? Бұған үкіметтегілер не дейді? Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағамы арзандай ма, жоқ па?

Сөрелердегі құс етінің келісі 1800 теңгеге жетті. Қымбатшылық еліміздің 20 аймағының 12-сінде тіркелді. Өндірушілер бағаны реттеу үшін, импортерлерге есікті айқара ашуды қою керек, дейді.

"Ресейден бізге жұмыртқа да, тауық еті көп кіреді. Олардың етінің бағасы 800 болса бізде өзіндік құны 900 теңге. Ресейде ауыл шаруашылығына субсидия көп. Бізде ондай қолдау азырақ. Сондықтан отандық кәсіпкерлерді тексергендей  импортерлерге де ережелерді қатаңдату керек", - дейді Құс өсірушілер одағының вице-президенті Бақыт Қосшығұлова.

Ал күріш бағасы бірден 40 процентке шарықтаған. Өйткені елімізде ақмаржанды өсіру азайып, импорт 3,5 есеге артқан.

"Бізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде ірі дәнді күріш бар. Қазақстандық шаруалар негізінен орта дәнді күріш өсіреді. Ал тізімдегіні Ресейден алып отыр. Министрлікке қанша рет сұрадық күріш түрін өзгертіңіздер деп. Бірақ әлі ауыспады. Бағадағы айырмашылық содан", - дейді Қазақстандық қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының өкілі Талмас Бейсембаев.

Үкімет мүшелері болса Ресейден импортты шектемейміз, бағадағы айырмашылықты мойындаймыз, деп отыр. 

"Бізді тек төмен баға алаңдатуы керек. Ең маңыздысы тауар ағынын қамтамасыз ету. Президент келер жылы инфляцияны 2 есеге түсіруді тапсырды. Қазақстандық кейбір азық-түлік өнімдері қымбат. Сондықтан Ресейден арзанырақ алу тиімді. Онда біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамаған боламыз, министр Премьер-министр орнынан кетуі керек болады", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Ал экономистер жаңа жылда баға түсер деген үмітті су сепкендей басты.

"Келесі жылы бұлар өндіріске ешқашан жоламайды. Себебі биылғы шығысының бәрі орынына түспеді. Негізі келесі жылы инфляцияның өсетін жолы бар. Ол НДС-ті 12-ден 16 пайызға көтереміз деп отыр. НДС-ті бір айналып келіп соңғы тұтынушы төлейді", - дейді экономист Меруерт Махмутова.

Сөрелердегі импорттың үстемділігі азайып, баға түсуі үшін отандық өндірушілерге қолдау шараларын көбейту керек, дейді сарапшылар. Оған дейін Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одақтың құрамында болған кезде азық-түлікті шетелдерден тасуымыз азаймайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу