Ұлттық банкі базалық сценарий бойынша 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9,5%-12,5%-ға дейін ұлғайтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұған дейінгі болжамда бұл көрсеткіш 9,5%-11,5% деп белгіленген еді. Болжамның ұлғаюы ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру туралы шешімге байланысты.
Сондай-ақ, Ұлттық банк 2025 жылға арналған инфляция болжамын арттырды, бірақ 2027 жылға арналған болжамды өзгеріссіз қалдырды.
Осы жылдың қорытындысы бойынша тұтыну бағасының индексі 12%-13% дәлізінде болады деп болжанып отыр. Бұрын 11%-12,5% мәні белгіленген.
Ал 2027 жылға арналған болжам бұрынғыша: 5,5%-7,5% болып қалды.
Ұлттық банктің баяндамасында айтылғандай, 2026 жылы инфляцияның жеделдеу қауіптері ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру туралы шешімнің күшіне енуіне байланысты сақталады.
2026 жылдың екінші тоқсанында ЖҚМ нарығын ырықтандыру шараларының қайта басталуы және ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы) нарығындағы реформалар айтарлықтай жанама инфляциялық қысым тудырады және инфляциялық болжамдардың жоғары деңгейде сақталуына әкелуі мүмкін.
"Ықтимал квазифискалдық ынталандыруға байланысты айтарлықтай белгісіздік сақталуда, бұл жиынтық сұранысқа әсер ету және инфляциялық қысымды күшейту тәуекелдерін арттырады. Бұл 2026 жылғы болжамдардың жоғарғы шегінің көтерілуіне ықпал етті", –делінген баяндамада.