ҚГӨША жобасының өндірістік объектілерін іске қосудың салтанатты шарасына әкім Ғани Есқалиев бастаған Батыс Қазақстан облысының басшылығы, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев бастаған өкілдері, КПО бас директоры және "Сичим" мердігерлік ұйымның жетекшісі қатысты.
Қондырғыны іске қосуға қатысты сөзінде КПО бас директоры Эдвин Блом: "Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеру жөніндегі тұжырымына толық сәйкес келетін осы маңызды жетістігіміз туралы қуана хабарлаймыз. ҚГӨША сәтті аяқталуы Қарашығанақ кен орнын үздіксіз игерудің тарихи кезеңін білдіреді. Бұл жоба қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтау, оны экономикалық тиімді және мерзімінен бұрын аяқтау арқылы бұл саладағы стандарттарды жоғары деңгейге көтерді", - деді.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың сөзінше "Газ бойынша өндірістік шектеулерді алу" жобасының құрылысы 2021 жылдың төртінші тоқсанында аяқталуға тиіс еді. Бірақ COVID19 пандемиясына байланысты шектеулерге қарамастан, барлық жұмыстар уақытынан бұрын аяқталыпты.
"Жобаны іске асыру жинақталған сұйық көмірсутектер өндірісінің қосымша өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Дегенмен компания алдында бұдан да ауқымды міндеттер тұр. Мысалы, Қарашығанақты болашақ кеңейту жобасы. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосымша инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға мүмкіндік туғызады", - дейді Айдарбаев.
Бүгінге дейін ҚПО консорциумы Қарашығанақ кен орнын игеруге 27 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды, соның ішінде 8,2 миллиард АҚШ доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерге жұмсалды. ҚГӨША жобасының жергілікті қамту үлесі 57 % құрады.