Киіктер санын реттеу шарасы басталды

535

Бүгінде киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жетті.

Киіктер санын реттеу шарасы басталды

Қостанай облысында киіктер санын реттеу басталды. Алайда, түз тағысын ату, аулау үшін ешбір аңшыға квота берілмейді. Мұнымен тек "Охотзоопром" өндірістік бірлестігі айналысады, дейді аумақтық инспекиця басшылығы. Биыл қанша киікті аулау жоспарланған? Броконьерлер бұл іске кірісіп кетіп жүрмей ме? Сан сауалға жауап іздеп көрдік.

Киіктердің Бетпақдала популяциясы Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола облыстарын қамтиды. Мұнда көктемде жүргізілген авиа-санақ бойынша киелі жануардың саны 745 мың 300. Соның 15 пайызын аулап, атуға рұқсат. Түз тағысының санын реттеу 19-шы қазанда басталып, 30-шы қарашаға дейін жалғасады.

"Охотзоопром" деген мекеме бар, соған тапсырылған. Сол мекеме бұл шараны іске асырады. Келісімшартпен аңшы, ұстаушылар дейміз сол кісілерді. Қабылдайды да солар аулайды. Броконьерлік болмайды", – дейді Облыстық жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Жәнібек Ерсұлтанов.

Әлеуметтік желілерде киіктердің еті сатылады деген мәліметтер шындыққа жанаспайды, дейді Жәнібек Ерсұлтанов. Себебі, түз тағысын аулауға мамандар енді кірісіп жатыр. Бетпақдала популяциясы бойынша ауланған киіктер Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы ет комбинатына жеткізіледі. Бұл шараны киелі жануарға саятшылық құрумен шатыстыруға болмайды, деп отыр экологтар.

"Аңшылық ол басқа бұйрықпенен реттеледі. Аңшылықты реттеу үшін бізде орман шаруашылығы мен жануарлар комитетінің өз квотасы болады. Сол квотада көрсетіліп тұрады. Онда жануардың түрі оның қолдану мақсаты. Ондай квота аңшылық мақсатта әлі киіктерге берілген жоқ", – дейді тәжірибелі экологтар қауымдастығының басқарма төрайымы Лаура Маликова.


Киіктің шектен тыс көбеюінен шаруалар биыл 12 млрд 700 млн теңге шығын шеккен. 120 мың гектар егістікті таптап, 1 млн 300 мың шабындықты тақырлап өтті. Алайда, бүгінде бұл егістік киіктердің тарихи жайылымы емес пе деген сұрақ жиі туындап жүр. 

"Нақты қазір компенсация бойынша нақты механизм жоқ. Егер де бізге, жергілікті атқарушы орган мына жер киіктің тарихи отаны, мына жер ауылшаруашылығына заңсыз беріліп кеткен қайтар десе, біз оған ашықпыз. Үнемі осы мәселені әріптестермен талқылап отырмыз", – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек. 

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жетті. Ал жыл соңында шамамен 2,6 миллионға дейін өседі. Жан-жануардың санын реттеу әлемнің Канада, Аустрия секілді елдерінде бар. Оларда кенгуру, қояндар көбейген кезде қолданатын көрінеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу