"Миллиард теңге бөлінген жобадан жарты литр су ішпедік". Жамбыл облысында ауыл жұрты 2 жылдан бері ауыз суға осылай сусап келеді. Өйткені тіршілік нәрін былтыр-ақ тартып беруі тиіс мердігер ауылдың әр жерінен әлі құбыр қазып жүр. Дауға басқан 100-ге жуық жұрт тіпті жауаптыларды жиып алып, "халықтық тексеріс" жүргізіп жіберді.
Сыздықтап аққан суға 2 жылдан бері зәру. Бақандай 1,4 млрд тг бөлінген бұл жоба былтыр жыл бітпей іске қосылу тиіс еді. Енді сарқырап ақпақ түгілі, тамшы су да жоқ.
"3 жыл болды ешқандай су өткізген жоқ. Сол бойымен тұр, көше қазылмай сол бойы тұр. Трубалар екі жыл тұр. Оны кішкентай балалар тастармен, иттермен, мысықтармен толтырып тастаған. Ертең жердің астынан бәрі жарып шығады", - деп ренішін білдірді Түрксіб ауылының тұрғыны Болат Айдарбеков.
Қыруар қаржы қос ауылға қаралған. Көрші ауылда су құбыры 90 пайызға жүргізіліпті. Ал Түрксіб елді мекенінде жұмыс 50 пайызға жетер-жетпес істелген. Мердігердің сағызша созуынан биыл бұқара қыстан сусыз әзер шыққан.
"Екі ауылға бірдей ақша бөлінеді. Бірақ бір ауыл істелінеді да, екінші ауыл істелінбейді. Әркімнің өз үйінде ұрылған скважина бар. 5-6 метр шалшық судан, болмаса қаладан тасиды елдер баклашкалап. Сонымен ішеді ауыз суды",- дейді Түрксіб ауылының тұрғыны Саламат Баймахатов.
Ауыл іші апан мен орға толы. Нөсерлетсе, бұқара белуардан балшық кешеді. Құбыр жүрген кей жер тегістелмей, ойдым болған күйі жатыр. Ауылда ауыз су әкімдердің құдды эстафетасына айналған. Наразылық үдеп, 100-ге жуық тұрғынның әп сәтте жауаптыларды жиғаны сол. Сөйтп ортадан табыла кеткен компания өкіліне қараша сауалды қарша боратты.
Ал аудандық әкімдік мердігермен байланысты толық үзбек. Өйткені жұмыс жүріп жатқанда кемшіліктерді байқаған. Артынан компания 19 пункт бойынша 2 млн тг айыппұл арқалапты. Тіпті өзге облыстағы тапсырыстардан шағым жиілеген соң, компания шоты бұғатталған. Ауылдағы тірліктің созбақталуына осы себеп екен. Ал әкімдік қалған қаржыны өзге мердігерге бермек.
"Біздегі қазір қаржысы тұр. Есепшоты болмаған соң, қаржысы жоқ қой. Сөйтіп адамдарды жалдап, істей алмай тұр. Біз енді оны сотқа беріп, Ол кісілерді мүлдем, обьектіден алғымыз келіп отыр",- деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков
Компания өкілдігі қаржы берілсе, 2-3 айда аяқтаймыз деуден танбай отыр. Ал тұрғындар млрд-тар бөлінген жобаға енді құзырлы орган кіріссін дейді. Ол үшін 2 жапырақ қағазға жиылған петицияны бұқара бас қалаға жөнелтпек.