Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылының мәдениет қызметкерлері жағдайы мәз емес ғимаратта отыруға мәжбүр. Өткен ғасырдың 60-жылдары асар әдісімен салынған клубқа ауыл тұрғындарының айтар өкпесі жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Журналист Жазира Қойшыбекова "клуб қызметкерлерінің апатты жағдайдағы орында жұмыс істеуі қауіпті емес пе?" деп сұрақ қояды.
- Осыдан тура 10 жыл бұрын журналистік жұмыспен ауылға барып, экс-әкімнен "Майлытоғай ауылдық округіне қашан жаңа мәдениет ошағы салынады?" деп сұрадым. Сол уақытта "мәселенің шешілетін күні алыс емес" деген сарындағы жауап алдым, ол туралы арнайы мақала да дайындадым. Содан бері 10 жыл өтіп кетті, жаңадан салынған клуб не мәдениет үйі жоқ. Қызметкерлер әлі апатты деп танылған ғимаратта отыр. Апатты жағдайдағы орында жұмыс істеу қауіпті емес пе? - дейді ол.
2012-2022 жылдар аралығында Қызылорда облысында 35 клубтың ғимараты пайдалануға берілген. Осы кездің өзінде құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйлері бар.
- Облыс бойынша 7 аудандық, 4 қалалық, 8 кенттік, 37 ауылдық мәдениет үйлері мен 115 ауылдық клуб, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, барлығы 171 клуб кәсіпорны халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
Облыс әкімінің "Құрылысын салуға жататын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы" өкіміне сәйкес, мәдениет нысандарын жаңғырту мақсатында 2012-2022 жылдары өңірімізде 35 клуб ғимаратының құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, 2 клубтың құрылысы жүргізілуде, - деп хабарлады Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы.
Осы жылы Жаңақорған ауданында Жайылма, Өзгент пен Қызылорда қаласындағы Қарауылтөбе клубы пайдалануға берілді. Дегенмен, өңірде заман талабына сай келмейтін мәдениет нысандарының әлі де бар екендігін ескерсек, 171 клубтың 21-і апатты жағдайда, 14-і ғимараты жоқ, 24-і бейімделген ғимаратта орналасқан.