Ақтөбеде қоқыс мәселесін өзінше шешудің жолдары қолға алынып отыр. Қалада қоқыс қалдықтарын қабылдайтын ең алғашқы ақылы бекет ашылды.
Ресми деректерге сәйкес, бүгінде ақтөбеліктер қоқысқа күн сайын 400 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық заттар тастайды. Оның ішінде пайдаланылған полиэтилен пакеттер, пластмасса бөтелкелер, термопластик бұйымдар, қағаз, шөлмектің сынығы бар. Алайда оларды қайта өңдеп, кәдеге асыратын мүмкіндіктер жоқтың қасы. Бұдан басқа тұрғындар тарапынан қалдықтарды қала сыртына шығара салып, көзден тасалау жерге төге салу тағы бар. Жаңа ашылған ақылы бекет осы мәселелерді реттеудің бірден бір құралы, дейді мамандандырылған "Ақтөбе Таза қала" мекемесінің басшылығы.
Әзірге жоба авторлары ақылы бекетте картонның келісін 8 теңгеден, ал пластик шынының келісін 20 теңгеден қабылдап жатыр. Тұрғындар тарапынан қызығушылықты байқаған олар қоқыс қалдықтарын қабылдау бекеттерінің санын арттырып, қабылдау бағасын қымбаттатуды ұйғарып отыр. Жиналған қоқыс Астанадағы қалдықтарды қайта өңдеу зауытына жөнелтілетін болады.
Әлібек Қарабасов, "Ақтөбе Таза қала" ЖШС, бөлім бастығы: "Бұл жұмыстың басты мақсаты – қаланың тазалығы болып табылады. Бұған дейін тұрғындар қоқысты полигонға ақшасына тапсырған болса, енді қазір қоқыстарын бізге әеліп, ол үшін ақша алатын болады".