Талды археологиялық паркінің ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Зерттеу жұмыстарын Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ археологтар тобы жүргізеді. Топ құрамында студенттер мен Шет ауданының тұрғындары бар. Биылғы жылы жұмыстар маусым айынан басталды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
"Қорым бес қорғаннан тұрады, қазіргі таңда біз оның төртіншісін зерттеп жатырмыз. Табылған зират – өткен жылы табылған зират секілді жұпты болып келеді. Бірақ бұл жерде ер адам мен әйел бір-біріне бетпе-бет жатыр, ал алдыңғы жерлеу орнында олар бірінен соң бірі жатқан болатын. Мүмкін, табылған жас жұп ақсүйектер руына жатқан болар. Зират бай адамдарға тиесілі екені көрініп тұр, қыздың қолында ұштары бұратылған спиральге ұқсас білезіктер, ою-өрнегі бар дөңгелек солярлық салпыншақтар бар. Ал ең бастысы – онда алтын аспалар болған", – дейді археолог Игорь Кукушкин.
Археологтардың пікірінше, қорымда ең алдымен ақсүйек рудың өкілдері, билеушіге жақын орналасқан тұлғалар және күйме арбамен жүретін жауынгерлер жерленген. Жерлеу орындарында табылған сүйектердің үлгілері дәл даталануы үшін радиокөміртекті талдауға жіберілетін болады.
Басқа олжалардың ішінде – қола білезіктер, пышақтар, әйелдерге арналған жапырақ тәрізді салпыншақ, қола моншақтар, жылқы әбзелдері бар.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов осы жылы қорғандардың бірінде археологтар керамикалық ыдыс-аяқтарды тапқанын айтты.
Қаражартас қорымында 2017 жылы тас пирамида табылған. Бұл жерде 100 шақырым радиуста 200-ге жуық археологиялық ескерткіштер бар.