Қолда бар өндірістік қуаттар 60 пайыз ғана жүктелген

1194

Соңғы 5 жылда ЖІӨ-дегі қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12 пайыздан артпай отыр.

Қолда бар өндірістік қуаттар 60 пайыз ғана жүктелген Фото: strategy2050.kz

Сенаттың Үкімет сағатында өнеркәсіптік саясатты заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Жаңа өнеркәсіптік саясатқа арналған Үкімет сағатын Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров ашып берді. 

Қазақстанның инвесторлар үшін әлі де мұнай мен газға бай ел ретінде ғана тартымды екенін қынжыла еске салған Сенат өкілі 2010 жылдан бастап Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылғанын айтты. Дегенмен шикі мұнай мен табиғи газ өндіру саласы елге келген инвестицияның 80 пайызын алып жатқан көрінеді. 

"2020 жылдан бастап индустриялық-инновациялық дамудың 2025 жылға дейінгі үшінші мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталды. Көрсетілген барлық шараларға қарамастан, Қазақстанның жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі соңғы 5 жылда 11-12 пайыз деңгейінде қалып отыр. Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, кейінгі 5 жылда ЕАЭО елдерінде өндірістік қуаттарды пайдалану деңгейі 70 пайызға дейін жеткен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 60 пайыз шамасында. Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі қазіргі тенденцияларды негізгі қордың ескіруімен, осал шикізат базасымен, өнім өткізу нарығының тарлығымен, отандық тауарлардың бәсекег қабілетсіздігімен, ішкі нарықты қорғау шараларының тиімсіздігімен, сапасыз, арзан импорттың көптігімен түсіндіруге болады. Ал экспорт құрылымында тауарлардың саны аз", – деген Нұрлан Әбдіров іргедегі елдердің көрсеткішімен біздің қуатымызды салыстырды.

"Қазір Қазақстан қайта өңдеу өнеркәсібінің 180 түрлі тауарын экспорттайды. Ал Ресей – 358, Беларусь – 690, Қытай 1400 түрлі тауар экспорттайды. Мұның бәрі жоғары индексті, экономикалық тұрғыда күрделі жаңа тауар түрлерінің өндіріс көлемін арттыру қажеттігін көрсетеді. Өнеркәсіптік саясаттың тиімділігі арттыу үшін бізге ұзақ мерзімді перспективаға бағдарланған құқықтық негіз құруға барынша күш-жігер жұмсау керек", - деді Сента төрағасының орынбасары. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу