Коллекторлар палатасы: Жүздеген компания коллекторлық этика нормаларын сақтамайды

759

Қаржы нарығын реттеу агенттінің реестрінде 311  коллекторлық компания бар.

Коллекторлар палатасы: Жүздеген компания коллекторлық этика нормаларын сақтамайды Фото: ult.kz

Жүздеген коллекторлық агенттік этикалық нормаларды сақтамайды. Салдарынан реттеуіш заңнаманы жыл сайын қатаңдатып жатыр. Оған жеткізбеу үшін кәсіби этиканы сақтау қажет. Ұлттық коллекторлар палатасы нарық өкілдеріне осындай үндеу жасады. 

Борышкерлер өз құқығын  білмегендіктен коллекторлардың бопсалауына жиі ұшырап жатады. Мысалы, заң бойынша проблемалы борышкердің үстінен іс қозғауға коллектордың құқы жоқ. Алайда, ақшаны өндіру үшін борышкерді сотқа беруден тайынбайтындар көп. Сондай-ақ, татуласу жолымен істі өзара шешуге келіспейтіндер бар. Ал, қарызды кешіктіргендің туған-туысын түгендеп, жеке деректерін жайып жіберетіндері жеткілікті.  

"Негізгі заң бұзу борышкермен бірінші сөйлескеннен бірден туыстарға хабарласып, жеке деректерді жайып салады. Бұлай істеуге болмайды. Заң бойынша, қоңырау шалудың, кездесудің өз жиілігі бар. Яғни, коллектор үшінші тұлғаны араластырмай, тікелей борышкермен жұмыс істеуі керек", -деп түсіндірді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшылары Нұржан Бияқаев.

Кредиторлардың айтуынша, коллекторлардың осындай өрескел әрекеттерінен қарыз берушілердің репутациясына нұқсан келеді. Сол себепті коллектордың қызметіне жүгінетін микроқаржылық ұйымдар әріптестерінен сыпайырақ болуды сұрайды.     

"Микроқаржылық ұйымдар коллекторларға проблемалы кредит сатады. Коллекторлар ақшаны өндірген кезде белгілі бір этикалық стандарттар болуы керек. Себебі, айналып келгенде кредиторлар, микроқаржылық ұйымдардың іскерлік беделі зардап шекпеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда біз коллекторлармен жұмыс істеуге мүдделіміз", - дейді Қазақстан Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Ербол Омарханов.

Нарық өкілдерінің айтуынша, коллекторлардың жұмысын реттейтін этикалық нормативті құжат қабылданғалы қашан.  Алайда, коллекторлардың көпшілігі оған құлақ аспайды. Соның кесірінен реттеуіш борышкердің құқын қорғау үшін заңды қатайтады. Оған жеткізбеу үшін кәсіби этиканы сақтау шарт дейді мамандар. 

"Коллекторлар дұрыс сөйлесіп, дөрекі мінез көрсетпей, этиканы сақтап, сіз деп сөйлесіп, борышкерлермен тіл табысса деген көпір құрып жүрміз қазіргі сәтте. Қаржы нарығын реттеу агенттігі, депутаттар борышкерлерге көп назар аударылады. Борышкерлердің құқықтары өте көп. Коллекторлар құқық шектеулі. Бір-екі пункт. Әлі күнге дейін коллекторлар тарапынан наразылық бар", - деді Қазақстан Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы Назгүл Есеусізова.

Қаржы нарығын реттеу агенттінің реестрінде 311  коллекторлық компания бар.  Коллекторлардың қызметіне қатысты арыз-шағымды СТОП коллектор жобасына жолдауға болады. Десе де, тәуелсіз мамандар істі коллекторға жеткізбей несиені қайта құрылымдауға кеңес береді. Ал егер  кредитіңіз мерзімінде төленбей, коллекторға өтіп кетсе,  олардан қорықпай байланысқа шығу керек. Екі тарап істі сотқа жеткізбей шешуге мүдделі болуы тиіс.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу